"Аңсаған сәби" бағдарламасымен Қызылордада үшем дүниеге келді

1 591

Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тұрғыны мемлекеттік бағдарлама аясында үшемді дүниеге әкелді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Байқоңырлық 31 жастағы Әйгерім Әлімханова "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында Айлин, Анель, Адель есімді үшемд ібосанды. 


"Бұл – жас ананың алғашқы жүктілігі. Нәрестерлер 1180, 1200, 1400 грамм салмақпен дүниеге келді. Сол күні санитарлық авиация желісі арқылы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді. Енді біршама уақыт орталық неонатологтарының ерекше күтімінде болады. Қазір анасы мен нәрестелердің денсаулық жағдайы жақсы", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.


Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Осы орайда «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен биыл квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді. Қызылорда облысына "Аңсаған сәби" арнаулы бағдарламасы аясында 2021 жылы облысқа 281 квота бөлініп, өткен жылдың қараша айына дейін толық игерілді. Сол жылы бағдарлама бойынша ЭКҰ арқылы 119 бала өмірге келді. Олардың арасында 3 отбасында егіз сәбилер жарық дүние есігін ашқан. Былтыр бағдарлама негізінде 277 квота бөлінген.


«Бала сүйе алмау - бүгінде медициналық қана емес, әлеуметтік мәселелердің бірі. «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен Қызылорда облысына 281 квота бөлініп, осы күнге дейін 164 отбасы порталға салынды, ЭКО орталықтарына жолданды. Бұл жоспардың 56 пайызын құрап отыр, оның ішінде жүктілік - 108 жағдайда тіркеліп (65%), оның 17 түсікпен (10%) аяқталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 45-60% жағдайда әйелдер бала көтереді», - деп облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімінің маманы Мира Мырзаханова мәлімдеген болатын.


Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге репродуктивті жасы 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет. Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы болған жағдайларда ғана мамандар науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін.


Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша ұрпақ өрбіту жасындагы әйелдердің саны - 178 296. Сонымен қатар 6320 бедеу отбасы бар, олардың бедеулігіне сәйкес, әйелдері - 3819, ерлері - 2501. Эко жасатуға кезекте тұрған отбасы саны - 656. Сондай-ақ, қолдан ұрықтандыру бағдарламасы негізінде былтыр 44 квота берілген. Бүгінде 25 әйелде жүктілік бар.