Ораза ұстап жүргенде ПТР-тест тапсыруға бола ма

370
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғар орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ораза ұстап жүргенде ПТР-тест тапсыруға бола ма деген сауалға жауап берді. 

"Бақара" сүресінде ауырып қалған және жолда жүрген адамдар оразаны артынан ұстаса да болады деп жазылған. Сондықтан коронавируспен ауырып қалсаңыз, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындауыңыз қажет", - деді ол. 

Осы орайда наиб мүфти былтырғы оразаның қазасын өтеу тәртібін де түсіндірді.    

"Егер былтырғы оразаның қазасын ұстап үлгермесеңіз, ешнәрсе етпейді. Биылғы оразаға ниет етіп, ауыз бекітуге болады. Бірақ ораза өткеннен кейін былтыр қаза болған күндерді өтеу керек", - деді Ершат қажы Оңғар.
 Оның айтуынша, ауыз бекіткеннен кейін вакцина салуға да, коронавирусқа қарсы ПТР-тест тапсыруға да болады. 
"Шариғат ораза кезінде ине салуға рұқсат береді. Одан ораза бұзылмайды. Сол сияқты ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі, сұйықтық өтпейді", - деді наиб мүфти.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары "қызыл" аймақта орналасқан мешіттерге қойылатын талаптарды жария етті. 

Еске сала кетсек, қасиетті Рамазан айы биыл 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Осы жылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді.