ҚЫЗЫЛОРДАДА НАУҚАС БАЛАЛАР САНЫ АРТУДА

1 743
Қызылорда облысында балалар арасындағы өкпе қабынуы, тыныс алу жолдарының аурулары  ушығып тұр, - деп хабарлайды «Opennews.kz»  ақпарат агенттігі.

Қызылорда облыстық балалар ауруханасы облыс бойынша балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жалғыз аурухана. Ауруханада жоғары деңгейде мамандандырылған кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында облыс көлемінде 0-18 жас аралығындағы балаларға стационарлық және күндізгі станционарлық негізінде қызмет көрсетіледі. Аурханада жылына 10 мыңға жуық бала сауықтырылады. Жалпы қазіргі кезде еліміздегі пандемия жағдайы біршама басылды деп ойлағанмен, ендігі кезекте балаларға әсер етіп жатқан секілді. Соңғы уақытта балалардың ауырып жатқанын көп естудеміз. «Баланың табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп шырылдаған аналардың жан айқайын естімеу мүмкін емес.  Осы орайда балаларын құндақтап, дәрігерлердің көмегіне зәру болған біршама ана наразылық білдіріп отыр.

Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жағдайын тілге тиек етсек жөн болар. Жалпы облыстық балалар ауруханасы 350 орынға арналғанымен,  қараша айының 1 мен 5 аралығында науқастардың саны күрт өсіп, 680-ге жуық  бала түскендігі мәлім болды. Балалардың бұлай жаппай ауруына не себеп? Пандемияның әсері тиіп жатырған жоқ па? Біздің ақпарат агенттігі ат ізін суытпай, балалар ауруханасының жағдайымен танысып, бас дәрігерімен кездесіп, сұхбаттасып қайтқан болатын. 

«Көпбейінді балалар ауруханасы 2016 жылдың қараша айынан бастап жұмыс жасап келе жатыр. Қазіргі таңда 5 жыл уақыт болды. Бастапқыда 305 орынға арналып ашылған болатын, ал қазір 350 орынға кеңейтілді. Өткен жылы елімізде орын алған пандемияға байланысты, біздің аурухана 2020-2021 жылдары өзінің жұмысын бейімдендіріп, 2020 жылда Covid-19  індетіне байланысты 5  төсектік орынмен жабдықталды.  Ал, осы 2021 жылы жаздай толығымен ковидке арналған арнайы бөлімшелер ашылып, балалар толығымен ем қабылдады.  Облыс көлемінде тыныс жолымен ауырған балалардың саны көбейіп отыр. Оның ішінде: пневмания, бронхит және төменгі тыныс жолының аурулары жиілеп отыр. Қазіргі таңда біздің ауруханада 55  төсекке арналған пульмонология бөлімшесі толып отыр. Жалпы біз осы аурудың қай уақыттан бері балалардың арасында өрши түскені туралы арнайы зерттеген болатынбыз. Зерттеу нәтижесі 15 қазанды көрсетіп отыр. Соның ішінде ең көбейгені қараша айының басында. Тәулігіне 45-50 балаға дейін түсіп тұрды. Сонымен бірге созылмалы ауруы бар, жылда өздерінің жоспарлы емін алатын балаларға арнайы таза зонаға яғни, бұрынғы перзентханаға ауыстырдық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен ол жерде арнайы 60 төсектік орын дайындалып, қазірге кезде  53 бала ем қабылдап жатыр. Өзіміздің 2 жедел жәрдем көлігіміз және жедел жәрдем станциясынан 2 көлік көшіруге берілді. Сонымен бірге тағыда 2 жеңіл автокөлікпен балалар дер кезінде тасымалданды. Бүгінгі таңда ауруханада 507 науқас ем алып жатса, соның 188 пульмонологиялық науқастар болып отыр. Төсек жабдықтарының барлығы жеткілікті, балалар көп болғандықтан басқа емдеу мекемелерінен артық керуерттер әкелінді. Сөйтіп қазір бізде, 520-ға жуық керуерт бар. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде балалар ауруханасы туралы кең тараған теріс пікірлерде ата-аналардың жанайқайын көруге болады. Әрине ата-аналарды да түсінуге болады. Балалары ауырып келгенннен кейін, баласының жағдайы толық тексерілгенін қалайды. Біз ата-аналарға заң бойынша «Пациенттің стационарлық емдеуге ақпараттық  келісімі» атты арнайы құжат беріледі. Ата-аналар осы құжаттпен танысып өз келісімдерін береді. Сол бойынша медбикелер белгіленген уақыт бойынша балаларға емдеу шараларын жүргізіп отырады» - дейді Көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Кушенова Зоя Рахатовна.




«Өзгенің  сөзіне   сенгенше, өзіңнің  көзіңе сен» - деген мақалды алға тартып, ішкі жағдаймен таныса барғанда, карантиндік талаптарға сай балаларды емдеу бөлімшелеріне кіре алмадық. Себебі, бас дәрігердің айтуынша: «Мен үшін бала денсаулығы бірінші орында. Мен ат үсті кіргізе алмаймын. Денсаулық сақтаудағы қатаң карантиндік талап бар»,- деп жауап берген болатын. Ия әрине қаламыздағы жалғыз балалар аурухасының жағдайы жақсы екеніне көзіміз жетті. Арнайы жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын да көзіміз шалды. Мысалға сауықтыру бойынша балаларға ыңғайластырылған ем-дом бассейіні де қолға алынған сыңайлы. Зәулім сарайдай салған аурухананың сырт келбеті сүйсіндіретіндігі хақ. Алайда, халық айтса қалып айтпайды дегендей, қара халықтың жанайқайына бір сәт құлақ ассақ жөн болар. Осы орайда, әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, көпбалалы аналардың теріс пікірлері көз шалындырады.
 
 «Мен жаз айында балам ауырып жатқан болатынмын. Түскен уақытымызда,  дәлізге жатқызды, содан кейін палатаға ауыстырды.  Ол кезде ішек инфекциясы секілді аурудың ушыққан кезі болатын. Төсек жабдықтары өте нашар. Тамақтарын уақытылы бергенімен, дәмсіз. Санитарлық талаптарға сай емес. Медбикелер уақытында келіп уколдарын салмайды. Айқайлап жүгіріп, әрең дегенде салдырып аламыз» - дейді ашынған ана Айсұлу Талғатқызы.

Мына пандемия кезінде ересектердің өзі әупірімдеп жазылып жатса, балаларға дұрыс қарамаған медбикелерді тілге тиек еткендердің саны көп. Бес саусақ бірдей емес, барлық медбикелерге топырақ шашудан аулақпыз. Десек те, баласына ем іздеген ана емнен бұрын жылулық ұялатса жанымыз тыншиды ғой деп күрсінеді. 

«Балам ауырып, балалар ауруханасына жатқан болатынмын. Бірақ біз палатада жаттық. Ол жерде де жағдай мәз емес. Жалпы ол жердің материалдық жағдайын айтпаяқ қойайын. Мен балаларға укол салатын медбикелерге көңілім толмайды. Дәрі егетін кезде, мені баламның қасына кіргізбейді. Өздерін бөлек бөлмеге алып кетеді. Мен балама қандай дәрі салып жатқанынан мүлдем бейхабармын. Өздерінен сұрасам, біз айтпаймыз,  дәрігерден сұра деп бізге жекіріп жібереді. Бұл ауруханада осындай олқылықтар өте көп»- деп күйінді, жас ана Айжан Айтмамбетова. 

Әлеуметтік желідегі белсенді ата-аналар дәлізде жатып шықтық деп шырылдаса, ал бөлек бөлмеде жатқан деген атауы болмаса, түкте жағдай жасалмағанында көптеген аналар тілге тиек еткен. Жалпы қараша айында ауырған балалардың көптігінен дәлізде жатқандары расталды. Алайда дер кезінде көмек көрсетіліп, емдеу мекемесі шұғыл шешім қабылдап ауырған балалар мен сауыққандарды іріктеп таза аймақтарға  бөлінгендігін тағыда ескере кеткен жөн. Әрине түрлі аурулардың көктем мен күзде ушығатын мезгілі болғандықтан ата-аналарға бала денсаулығын сеніп тапсырған ақ халатты абзал жандар ат үсті қарамайды деп сенеміз. Көшіп-қону баласы ауырып келген анаға таңсық  болып көрінетіндігі шындық. Алайда, баланың дені сау болып ауруынан айығуы басты мәселе. Осы орайда көпбейінді балалар ауруханасы емдеу барысы бойынша дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және де дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмайды деп сендірген болатын. 

Ертеңгі ұрпақ бүгінгі бүлдіршіндер екендігі де тасқа таңба басқандай анық. Болашағымыздың денінің саулығы, ұлтымыздың саулығы деп білетін еліміз үшін, бала – басты орында.  Осы орайда, эпид ахуалдың балалар арасында ушыққан сәтінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының ішін лық толтырмай қалалық балалар ауруханасының бой көтергені де дұрыс секілді. Сол кезде, бәлкім наразылық білдіретін аналар да болмас па еді? Расында Қазалы мен Арал, Қармақшы мен Жаңақорғаннан келетін балалар саны да уақыт салмай көбейіп отырғандығын біліп отырған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Пазилов Сабит Бексеитович қолға алып, ана мен бала үшін қалалық балалар ауруханасының ашылуы нұр үстіне нұр болып, дәлізде орын таппай ем қабылдайтын балаларда болдырмас еді.
 
ТҰМАР ХАНЫМ