Аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғау, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері қаралды

215

Қызылордада ана мен бала денсаулығын қорғау, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен алқа отырысында денсаулық сақтау саласы, оның ішінде аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғау мен эпидемиологиялық ахуал кеңінен талқыланды.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов өңірдегі ана мен бала өлімінің көрсеткіші туралы айтып, оған әсер ететін негізгі факторлары тізбеледі.
Өткен жылы өңірде 10 ананың өлімі тіркелсе, биыл жыл басынан бері 3 ана қайтыс болды.  
Облыс әкімі бұл мәселеге ерекше мән беріп, тиісті шаралардың шұғыл қабылдануы қажеттігін атап, басқарма басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.
"Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар!Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет.Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Алқа отырысында талқыланған мәселенің бірі – өңірдегі эпидемиологиялық ахуал. Жыл басынан коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастар саны 4 918-ді құраған. Өңір «Жасыл аймақта» болғанымен аталған ауруды жұқтырған адамдар санын азайту бағытында тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туындады.
Жиында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова облыс аумағындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бағытындағы шаралар туралы баяндады.
Аймақ басшысы коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша жауапты сала басшыларына кешенді жұмыс жүргізуді, оның ішінде вирус жұқтырған азаматтарды дер кезінде анықтап, ауруханалардағы төсек-орын мен қажетті дәрілік препараттардың қорын дайындауды тапсырды.
Өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы нашарлауда. Мәселен, жыл басынан қызбаға күдікпен 31 науқас тіркелсе, оның 14-і зертханалық сынама қорытындысымен расталды. 4 жағдай адам қазасымен аяқталды.
Облыс әкімі санитариялық-эпидемиологиялық департамент тарапынан қолайсыз 116 елді мекеннің анықталып, оған қажетті қаржы бөлініп, көктемгі дезинсекция жүргізілгенімен расталған жағдайдың өте көп тіркелінін айтып, департамент жұмысын сынға алды.  
Алқа отырысының қорытындысымен қала және аудан әкімдері шұғыл түрде өз аумақтарындағы елді мекендерде қора-жайларды, аулаларды кенеге қарсы өңдеу басталғанға дейін және жыл көлемінде тұрақты түрде қидан, қоқыстан таза ұстауды қамтамасыз етуді міндеттеді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу методикасын күшейту бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс.
Облыс әкімі аймақ үшін өзекті болған мәселелер бойынша шұғыл шара қабылдап, алдағы уақытта оны болдырмауын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал өз қызметіне салғырт қараған жауапты тұлғалар жіберген кемшіліктері үшін жауапкершілікке тартылады.