АЙМАҚТА ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛЫП КЕЛЕДІ
148
Облыста өткен тәулікте короновирустың 25 жағдайы тіркелді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде инфекциялық стационарда – 63 азамат ем қабылдап жатса, жансақтау бөлімінде – 3 науқас індетпен күресуде. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, індетті жұқтырғандардың 80 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 1 жасқа дейінгі балалардың 50 пайызы коронавирусқа шалдығып үлгерген.
"Бүгінде аймақта коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай оңалып келеді. Жалпы жыл басынан бері 6004 науқас коронавирус жұқтырған. Ал қазір бұл індет балалар арасында белең алуда. Сондықтан адам көп жиналатын орындар мен ойын алаңдарында балалардың сақтық шараларына мән беру керектігін айтқым келеді. Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті тұрғындар арасында вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда,I-ші компонентімен 96%-ы (426 120 адам), II-ші компонентімен 94,6%-ы (423 439 адам) вакцинацияланды. Ал 16 мыңнан астам тұрғын ревакцинациядан өтті. Өңірдегі барлық емханаларда «QazVac» және «Sinovac» екпе түрінің қоры бар", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
"Соңғы күндері өңірде ауру деңгейі төмендеп келе жатқаны байқалады. Дегенмен, індет жұқтырғандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар екені алаңдатуда. Сол себепті балалардың гигиеналық тұрғыда сақтануын барынша қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар, облыс тұрғындары арасында қайта ревакцинациялау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуіміз керек", - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.