СЫРДЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДА «ҚАН ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛАДЫ

162

Фото: Қызылорда ДСБҚызылорда қаласының сол жағалауында "Қан орталығы" ашылады , - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысан бой көтермек. Құны 2,7 млрд.теңгені құрайтын «Қан орталығының» бүгін іргетасы қаланды. Орталық ашылғаннан кейін облыста қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші 500-ден 10 мыңға  дейін артпақ. 
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге нысан құрылысының алғашқы кірпіш қалау рәсіміне қатысты. 
"Мемлекет әрдайым ұлт саулығын көтеру, адам өмірін сақтауға жеткілікті деңгейде мән беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Ұлт саулығы - Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты" деп айрықша атап өтті. Барлық қажетті құралдармен жабдықталған «Қан орталығы» өңір халқына сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыруға мүмкіндік бермек", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығынан заманауи үлгідегі бірнеше әлеуметтік ғимарат салу туралы бастама көтерген болатын. Соның бірі – «Өнер сарайы».
Аймақ басшысының тапсырмасы негізінде Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан салынатын ғимаратқа 2,0 гектар жер көлемі белгіленген. Халық игілігіне пайдалануға берілетін нысан 1000 орындық көпфункционалды кешен ретінде ашылады. Яғни, онда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі.
Сондай-ақ, қаламызда неке қиюды жоспарлаған жандар ескі ғимаратта орналасқан азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне жүгінетін. Жас жұбайлар үшін ең маңызды және тарихи салтанатты рәсім ұйымдастыратын кабинетімен жабдықталмаған ғимаратқа қатысты тұрғындар мен жаңа өмірге бірге қадам басуға келген жастар тарапынан да ұсыныстар жиі айтылып келді. Осыны ескерген аймақ басшысы «Неке сарайы» салтанатты ғимаратын салу туралы тапсырма берді.
Аталмыш әлеуметтік нысанның бой көтеруі аймақтың құрылыс-индустриялық сәулетін арттырумен қатар отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыруға үлес қосуға талаптанған жастардың өміріндегі ең маңызды сәттерін әсерлі етуге зор мүмкіндік сыйлайды. Айта кетейік, заманауи үлгіде салынатан ғимараттың жалпы ауданы 2100 шаршы метрді құрайды.