Қызылордада қызылшаның 71,1%-ы екпе алмағандардан анықталған

2 521

Фото: Gov.kz2025 жылы Қызылорда облысында 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің 96,8 пайызы вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе қабылдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Дегенмен мамандар одан бас тартатындар қатары азаймағанын айтып отыр. Былтыр көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 18,7%-ға жоғарылаған. Оның ішінде қызылшаға қарсы вакцина алмағандардың 35,5%-ы — 1 жасқа дейінгі балалар. Ал 46,5%-ның ата-аналары қарсылық білдірген, 17%-да медициналық қарсы көрсетілім болған.

 Екпеден бас тарту ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне әкеп соғады. Сондықтан біз халыққа вакцинацияның тиімділігін, одан бас тартудың кері кері әсері туралы кеңінен түсіндіріп келеміз. Әр емханада екпеден бас тартқан ата-аналармен консультативті топтар жеке жұмыс жүргізеді. Мұндай іс-шараның нәтижесі де жоқ емес. 19 ата-ана көзқарасын өзгертіп, балаларына екпе салдырды, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауына сай, иммундау жыл сайын 3 миллионға дейін өлім-жітім жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда кейбір тұрғындардың салғырттығы дерттің таралу қаупін арттырады. 

Оған дәлел — өткен жылы тіркелген 339 деректің 71,1%-ы екпе алмағандар арасынан анықталды. Аурушаңдықтың салыстырмалы түрде өсу тенденциясы өткен жылдың маусым айынан басталды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі — 1-4 жас аралығындағы балалар, олардың үлесі — 56%. 2025 жылғы аурушаңдық деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 есе төмен. Бірақ бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Сондықтан сақтық шараларын жалғастыру керек, — деді департамент басшысының орынбасары. 

Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жасалады. Елімізде тұрғындарды иммундауға Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өткен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар ғана пайдаланылады.

Қазақстандықтар ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін екпе алуға құқылы. Соңғы 15 жылда облыста вакцина арқылы басқарылатын жұқпалы ауруларға, оның ішінде құрөзек, сіреспе, гемофильді инфекция, полиомиелит, паротит, пневмококк инфекцияларына шалдығу деректері анықталған жоқ. 2024 жылмен салыстырғанда былтыр 25 нозология бойынша сырқаттану деңгейі төмендеген.