"Үшінші толқын емес"...

299
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жексенбі күні "Almaty Live" телевизиялық бағдарламасында шаһарда коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатыр, деп мәлімдеген еді. Алматылық дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев қалада сәуір айының соңында коронавирус жұқтыру жағдайлары азаятынын айтады. 
Оның айтуынша, билік табандылық танытып, қатаң карантин шараларын ұстанса, адам шығынына жол бермеуге мүмкіндік бар. 
"Болжам бойынша былтыр жаздағыдай біраз адам ауырады. Арасында ауырып шыққан адамдардың екінші рет жұқтырғанын жоққа шығаруға болмайды. Ол да мүмкін. Бірақ инфекция ары қарай тарауын тоқтатқан жоқ. Сондықтан иммунитеті бар кісілер де жеткілікті, жаппай қырылатындай үрей жоқ.
 

Былтырғы жаздағы жағдай қайталана қоймайды. Қарап отырсақ, былтыр маусым мен шілдеде адамдар екі ай ауырды. Бұл жолы да сондай жағдай қалыптасады. Наурызда басталды, сәуір айының аяғында аяқталады. Себебі карантиндік жағдайлар да былтырғыға ұқсас, қоғамдық тамақтану, адам көп жиналатын жерлерді жапты. Бұл дағдарыстан да шығамыз", - дейді танымал дәрігер. 

Мыңжылқы Бердіқожаев қала билігі тарапынан "асыра сілтеушілік" те бар екенін байқағанын жасырмады. Қазір ауру белгісі бар, ауру белгісі жоқ науқастарды да жаппай клиникаларға жатқызу қолға алынды. Ауырды дегендердің арасында он пайыздайы ғана стационарлық жағдайда ем қабылдаса болады, қалғанын емдеу орындарына жатқызу міндет емес, дегенді айтты дәрігер.

 Оның айтуынша, бұл - үшінші толқын емес.
 

"Бұл маусымдық асқыну дегенге жақын. Соның уақыты келді. Бұған дейін Еуропа, Ресейде тура осындай жағдай болды. Сол енді бізге келді.Ол жақта керісінше қалыпқа түсіп жатыр. Ол оңтүстік африкалық штам, британиялық штамның жүріп жатқанын айқындайды. Бір қызығы қазір ауруханаға симптомсыз ауырып келгені болсын, басқасы болсын жаппай жатқызып жатқан сияқты. Оның ішінде 10 пайызы орташа ауыр науқас болса, 90 пайызы жеңіл ауырып жатқандар. Оларды орын толтыру үшін жатқызып, амбулаториялық ем алуға жатқызып отырғанын байқаймын",- дейді дәрігер.