Қызылорда облысында медицина саласын ұйымдастыруда көптеген мәселе бар – Ажар Ғиният

5 234
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы екі күндік жұмыс сапарымен Қызылорда  облысына келді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Бүгін «Достық» үйіне қала мен аудандардан ағылып келген қара халықтың қарасы көп. Себебі облысымызға Ажар Ғиниятқызы аймақтағы медицина саласының ахуалымен танысуға атбасын бұрып келген болатын. Бұл кездесу өзге кездесулерден өзгерек болды. Сауал қойып, өз сұрағына жауап аламын деген халық пен аймағымыздағы денсаулық саласына көңілі толмай, тиісті медициналық көмек аламаған жандар да министр ханымға сауал қоюға асықты.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, ол сақтандыру қаражаты есебінен пациенттердің денсаулығына келтірілген залалды өтеуді көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысын көтеру, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, Қазақстанда медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатқандығын жеткізді.


Алайда, Денсаулық сақтау министрі өз сөзінде:

«Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілген.  Және де биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөнінде заң қабылданды. Алдағы уақытта Сыр өңірінен және аудан аралық медициналық орындар ашылады. Ол үшін арнайы жоспар да бар. Мен бүгін Ана мен бала орталығы мен «Облыстық жедел жәрдем» станциясының жұмысымен таныстым.»,- деді Ажар Ғиният.


Десек те, Сыр жұртшылығы Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен аймағымыздағы медицина саласына көңілі көншімеген халық Денсаулық сақтау министріне қояр сауалдарын да жаңбырша жаудыра кетті.

«Менің есімім Нұргүл осы күнге дейін де сіздің алдыңызға мәселемді көтеріп кірген болатынмын. Алайда, сіз Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлына менің мәселемді жолдаған болатынсыз. Бірақ, бәрі нәтижесіз. Облыстық дәрігерлер баламның екінші көзін де құртып отыр. Енді жаңа хабарласып, қалалық емхана басшылары мәселеңізді шешіп беремін министрдің алдына барып айтпаңыз дейді. Әділдік қайда?»,- дейді Нұргүл. 




Десек те, сөз кезегіне тұрған халықтың қарасы көп. Алайда, жергілікті қызметкерлеріміздің тарапынан қысым да көрсетіліп жатқаны жасырын емес. Олай деуге басты себеп, ер азаматтың дөрекілік танытқан сәтін бейнежазбадан көруге болады. 


 
«Менің мүмкіндігі шектеулі балам бар. Алайда, Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлының қабылдауына кіре алмай жүргеніме тура  6 ай болды.  Шарасыздықтан кеше прокурорлардың шақыртуымен жолықтық. Мендегі мәселені сіз жетік білесіз. Тіпті сіз арнайы тапсырған болатынсыз жергілікті биліктің орындалуына жүктеген едіңіз. Бірақ нәтиже жоқ. Сізден сұрайтыным, біздегі Сәбит Бексейітұлын өз қызметін орындай алмаса, халықпен байланыс жасай алмаса орнын босатсын.» ,- дейді Назерке. 



Сонымен қатар, халық арасынан медициналық сақтандыру жүйесі мен жекеменшік иелігіне өтіп кеткен емханалар мен ауруханалар да сөз етілді. Және де оттегімен демалатын науқастар үшін қолайлы жағдай жасалмағандығы арнайы оттегі толтырып беретін орындардың жоқтығы да сөз етілді. Осы орайда, министр аймақ басшысы мен бас дәрігердің қатаң бақылауға алып, арнайы көмек ұйымдастыруын тапсырды. Десек те, халық арасынан  дәрігерлер тарапынан дөрекілік таныту орын алып жатқандығын да атап өтті. Алайда, ақ халатты жандардың еңбегіне алғыс білдіріп, жатқан жандар да бар. 
 
Денсаулық сақтау министрінің халықпен кездесуі 2 сағатқа жалғасып,  одан кейін Қызылорда облысының тұрғындарын жеке қабылдады.
 
Келесі кездесу «Өңірлік коммуникациялар қызметі» ұйымдастырған брифингпен жалғасты. 
«Қызылорда облысының денсаулық сақтау басшысының қызметіне қандай баға бересіз?» деген сауалымызға:

«Облыстық денсаулық сақтау басшысының қызметіне бағаны облыс әкімі береді деп ойлаймын. Қазір халықтың денсаулық сақтаудағы, азаматтармен кездесуінде есеп берудегі сауалдарға қарағанда облыста медицина саласын ұйымдастыруда  көптеген мәселе бар екендігін байқадым.» - дейді Ажар Ғиният.


Министр Талдыарал округінде, Шиелі ауданында бірқатар ауылдық денсаулық сақтау нысандарын аралап, жұмысымен танысады. Сондай-ақ Қазақ республикалық лепрозориясына баратынын хабарлады.