Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдары бойынша 2022 жылдың 9 айындағы кадрлардың жай-күйі
151
2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бүгінгі таңда өңірімізде 277 жергілікті атқарушы орган жұмыс істейді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агентігі.
Оның ішінде 17-і облыстық, 114-і қалалық және аудандық, 146-ы ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдар болып келеді.
Осы аталған мемлекеттік органдардың штат саны 1761 бірлікті құраса, қазіргі таңда нақты 1713 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды.
Қазіргі таңдағы нақты жұмыс жасайтын 1713 мемлекеттік қызметшінің 13-і саяси және 1-і «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болса, қалған 1699-ы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері.
Мемлекеттік қызметтегі 649 нәзік жанды мемлекеттік қызметшінің 154-і түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарды атқарады. Оның ішінде 1-і басқарма басшысы, 8-і басқарма басшысының орынбасары, 1-і қала әкімінің орынбасары, 3-і ауыл әкімі, 11-і қалалық және аудандық деңгейдегі дербес бөлім басшылары.
Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің 173-і 29 жасқа дейінгі жастар болса, оның 41-облыстық, 64-і қалалық және аудандық, 68-і ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарда қызмет атқарады. Мемлекеттік қызметшілердің арасындағы өзге ұлт өкілдерінің саны 6, оның 3-і орыс,1-і татар, 1-і ұйғыр, 1-і корей ұлтының өкілдері.
Нақты қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің 1636-ы немесе 95,6%-ы жоғары білімді. Сонымен қатар, өңірімізде 12 ҚР Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және 3 «Болашақ» бағдарламасының түлектері түрлі лауазымдарда жұмыс жасайды.
Жыл басынан бері мемлекеттік органдардан 47 қызметші немесе 2,6% өз өтінішіне сәйкес мемлекеттік қызметтен кеткен.
Ағымдағы жыл көлемінде жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар бойынша барлығы 585 қызметшінің білімін жетілдіру жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланған болса, қазіргі таңда қайта даярлаудан - 52 (жылдық жоспар - 75 (69,3%), біліктілігін арттыру курстарынан - 400 (жылдық жоспар - 510 (78,4%) мемлекеттік қызметші өткізілді.
Сынақ мерзімін тағайындау мәселесіне тоқтар болсақ, мемлекеттік қызметке алғаш рет және оны тоқтатқаннан кейін қайта келген 56 тұлғаға 3 ай сынақ мерзімі белгіленіп, оның ішінде 42 тұлғаға тәлімгерлер бекітілген.
Жыл басынан бері бос лауазымдарға орналасуға 246 конкурстар өткізілді. Оның 118-і ішкі, 128-і жалпы конкурстар болып табылады.
Өткізілген конкурстарға 383 (76-ішкі конкурс, 307- жалпы конкурс) адам қатысып, нәтижесінде 180 (67-ішкі конкурс, 113-жалпы конкурс) үміткер бос лауазымдарға қабылданды.
Ішкі конкурстардың нәтижесімен жұмысқа қабылданған 67 үміткердің 54-і немесе 80,5%-ы мансаптық өсу жолымен жоғары лауазымдарға тағайындалған.
Осы өткізілген конкурстардың барлығы қоғамдық байқаушылардың қатысуымен өткен.
Қоғамдық байқаушылардың 4,2%-ы жергілікті мәслихат депутаттары, 5,6%-ы БАҚ өкілдері, 3,1%-ы ҮЕҰ өкілдері, 1,4%-ы саяси партия өкілдері, 10,4%-ы басқа мемлекеттік органдардың, 60,1 %-ы – мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілдері және 15,2%-ы он сегіз жасқа толған еліміздің азаматтары болып келеді.
Есепті мерзімде персоналды басқарудың «Е-қызмет» ақпараттық жүйесіне қосылған мемлекеттік органдарда жүйеге енгізілген 12 286 құжаттың 12 263-і немесе 99,8% автоматты режимде енгізілген және бір әкімшілік қызметкер үшін автоматты режимдегі құжаттардың орташа саны 6,83 құжатты құрап отыр.