Тоқаев жаңа жылдан бастап үкіметте кадрлық ауыс-түйіс жасайтынын мәлімдеді

205
Президент Сенат отырысына қатысып, үкіметте бірқатар өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Мен жақында өткен үкімет отырысында бұл мәселе бойынша нақты айттым. Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша үкімет лайық белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша жаңа жылдың басында үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы үкіметтің алдында тұрған мақсаттар – өте ауқымды және өзекті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының сөзінше, адамзат коронавирус індетінің салдарын әлі де толық еңсере алмай отыр. Оған қоса, геосаяси ахуал ушыға түсті. Соның кесірінен халықаралық дағдарыс күшейді. Мұның бәрі әлем экономикасын тығырыққа тіреді.

Біз осы күрделі жағдайда экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 3% өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,5% артты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Біз экономиканы одан әрі дамытуға барынша күш салуымыз керек. Келесі жылы ЖІӨ өсімі кемінде 4% болуға тиіс. Ал ақшаға шаққанда алғаш рет 250 миллиард долларға жетуі қажет. Ұлттық банк пен 8кіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл – инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес, - деді Тоқаев.