Мемлекет басшысы барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен құттықтады
ҚР Президенті ел тұрғындарын Ораза айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі .
“Қадірлі отандастар!
Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы. Ораза ұстаған жамағат осы мерекені асыға күтеді. Алыс-жақын ағайын бір-бірінің үйіне барып, жылы лебізін білдіреді. Халқымыздың ынтымағы нығайып, бірлігі беки түседі.
Ислам – имандылықты, бейбітшілікті, мейірімділікті дәріптейтін асыл дін. Осы игі құндылықтар елдің амандығы мен берекесін тілейтін ұлтымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр. Сондықтан бұл – бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша жұртымыз үшін қадірлі ұғымдар.
Ораза айт – елдігімізді еселейтін мереке. Біз мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайта береміз.
Еліміздің әр шаңырағы бақыт пен қуанышқа бөленсін!
Халқымыздың ырысы мен ынтымағы арта берсін!
Айт қабыл болсын, ағайын!”, – деп құттықтады президент.
Ораза айт – әлем мұсылмандарын бірлікке, жақсы істердің ұйытқысы болуға шақыратын мейрам. Айт намазы осы мерекенің ең негізгі құлшылығы болып саналады. Бұл жазбамызда дін ғалымдарының еңбектерін негізге ала отырып, айт намазына қатысты маңызды кеңестер мен деректерді ұсынамыз.
Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын мұсылман қауымы үшін ораза айт намазына қатысу уәжіп амал болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде ешқашан айт намазын қалдырмаған және өзге мұсылмандарға да қатысу керегін жеткізген. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы оқыған айт намазы – һижреттің екінші жылындағы Рамазанның айт намазы. Бұл жөнінде ибн Аббас былай айтады: "Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Әбу Бәкір, Омарлармен бірге Рамазан айт намаздарына қатыстым. Барлығы да айт намазын хұтпадан бұрын оқыды". Ибн Аббас тағы бір хадисте: "Алла Елшісі айт намаздарын азансыз, қаматсыз оқыды", - деп риуаят еткен. Айт намазы қай кезде оқылады? "Ислам ғылымхалы" кітабында айт намазының орындалу тәртібі туралы мынадай мәлімет берілген: Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілген кезі. Бұл күн шыққан соң шамамен 50-55 минут өткеннен кейін басталып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады.
Айт намазының оқылу реттілігі қандай?
Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам "Екі рәкат Рамазан айт намазына ниет еттім" - деп ниет етеді. Артынша жамағат "Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға" - деп ниет етеді. Содан соң "Аллаһу әкбар" деп ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай "Субханака Аллаһумма" дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай "Аллаһу әкбар" деп үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам "Ә’узу" мен "Бисмиллаһты" құпиялай, одан кейін "Фатиха" мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай "Аллаһу әкбар" деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатты бастайды. Имам құпиялай – Бисмиллаһ, жариялай – "Фатиха", содан кейін қосымша сүре оқиды. Содан соң осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай "Аллаһу әкбар" деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, "әт-тахият", "салауат", "рәббәнә" дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі.
Айт намазының әрбір рәкатында үш қосымша тәкбір болады әрі ол уәжіп саналады. Айт намазынан соң жұма күніндегідей екі хұтпа оқылады. Айт хұтпалары тәкбірмен басталады, жиналған жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да сүннет. Мәкрүһ болған дүниелер бұл жерде де мәкрүһ саналады. Айт хұтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ делінген. Айт намазына үлгере алмаған адам жеке өзі айт намазын оқи алмайды. Қаласа төрт рәкат намаз оқиды. Бұл сәске намазының орнына жатады. Ораза айттағы намазды сәл кешіктіріп оқу сүннет делінсе, ал Құрбан айт кезіндегі айт намазын кешіктірмей оқу керек деп айтылады. Сондай-ақ, ораза айт намазына баратын кезде бір түйір құрма болса да дәм тату құпталады. Құрбан айт намазына ештеңе жемей бару мұстахаб деп саналады. Бурәйда (р.а.) жеткізген хадисте:"Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін", - дейді. Ыдысқа салынған құрма. Көрнекі сурет: pixabay.com Айт намазына кешігіп қалған жағдайда не істеу керек? Мұндай жағдайға байланысты "Ислам ғылымхалы" кітабының авторлары мынадай түсіндірме жазған: Айт намазының алғашқы рәкатына қосымша тәкбірлер айтылған соң үлгеріп имамға ұйыған адам ифтитах тәкбірді алғаннан кейін, "Субханаканы" оқымай, дереу қосымша тәкбірлерді алады. Егер имам рүкүғте тұрған кезде үлгерсе, дереу түрегеп тұрған күйі тәкбір алып, рүкүғке барады. Рүкүғтегі тасбихтердің орнына қосымша тәкбірлерді қолдарын көтермей сол жерде айтады. Егер үлгере алмаса, ештеңе керек емес. Егер имамға екінші рәкатта үлгерсе, имам сәлем бергеннен кейін, оқи алмаған рәкатты қаза ету үшін қиямға барғанда қосымша тәкбірлерді "Фатиха" және қосымша сүреден кейін құпия алады. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары айт намазының қазасы жоқ екенін еске салады. Дегенмен жылына бір рет келетін ораза айт мерекесіне ерекше ықыласпен қатысқан абзал.
Айт күні қандай сүннет амалдар орындалу керек?
1. Ғұсыл алу.
2. Тіс тазалау.
3. Құрма жеу.
4. Әдемі киім кию.
5. Ер адамдардың хош иіс себуі құпталады.
6. Садақа беру.
7. Ағайын-туыс, көрші-қолаңның үйіне айттап бару.
8. Айт намазына баратын кезде басқа жолмен, қайтарда басқа жолмен қайту мұстахаб амал болып саналады.
Күллі мұсылман сағынып күткен Рамазан айы да қас-қағым сәтте зу етіп өте шықты. Биылғы айт мейрамы 21 сәуірмен тұспа-тұс келеді. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттерде айт намазы оқылады. Намаз уақытына байланысты кестені Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының сайтынан көруге болады.