Мемлекет басшысы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлемек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері мен басқа да азаматтар шақырылған.
Парламенттің бірлескен палаталарының отырысындағы Президенттің сөйлейтін сөзі 29 наурыз күні сағат 10:00-де республикалық телеарналарда және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетсек, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясын шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы 2023 жылғы 29 наурызда сағат 10-да Астана қаласында шақырылып отыр.
“Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы 2023 жылғы 29 наурызда сағат 10-да Астана қаласында шақырылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі”, – делінген президент Жарлығында.
Еске салсақ, бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Мәжіліс сайлауының қорытындысын жариялады. Сайлау қорытындысына сәйкес, партиялар төмендегідей дауыс жинады:
Amanat партиясы – 53,90% (40 орын);
«Ауыл» партиясы – 10,90% (8 орын);
Respublica партиясы – 8,59% (6 орын);
Қазақстан халық партиясы – 6,80% (5 орын);
«Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30% (Мәжіліске өтпеді);
«Ақ жол» партиясы – 8,41% (6 орын);
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% (4 орын).
Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаты мандатын иеленген кандидаттардың тізімін жариялады:
Астана қаласы – Дәулет Тұрлыханов, №2 сайлау округі бойынша Дәулет Мұқаев;
Алматы қаласы – Ермұрат Бапи, Ерлан Стамбеков, Бақытжан Базарбек;
Шымкент қаласы – Данабек Исабеков, Болатбек Нәжметдинұлы;
Абай облысы – Нұртай Сабильянов;
Ақмола облысы – Айна Мысырәлімова;
Ақтөбе облысы – Қазыбек Әбішев;
Алматы облысы – Ардақ Назаров, Данияр Қасқарауов;
Атырау облысы – Әділ Жұбанов;
Батыс Қазақстан облысы – Абзал Құспан;
Жамбыл облысы – Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова;
Жетісу облысы – Руслан Қожасбаев;
Қарағанды облысы – Құдайберген Бексұлтанов, Арман Қалықов;
Қостанай облысы – Еркін Әбіл;
Қызылорда облысы – Мархабат Жайымбетов;
Маңғыстау облысы – Еділ Жаңбыршын;
Павлодар облысы – Амантай Жарқынбек;
Солтүстік Қазақстан облысы – Еркебұлан Мамбеков;
Түркістан облысы – Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев;
Ұлытау облысы – Ерболат Сатыбалдин;
Шығыс Қазақстан облысы – Лұқбек Тұмашинов.
Еске салайық, елімізде мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтті. Биылғы сайлауда ел тұрғындарының белсенділігі тарихтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды.