Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті
Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады.
БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жоғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қолдауға дайын екенін растады.
Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.