Тоқаев Әлиевті сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады
Қазақстан мен Әзербайжан президенттері телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Республикасының президенті лауазымына кезектен тыс өткен сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Мемлекет басшысы сайлаудағы дауыс беру қорытындысы Ильхам Әлиевтің Әзербайжанды одан әрі нығайтуға, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге және мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдары мен ауқымды реформалары бүкілхалықтық қолдауға ие болғанын анық көрсеткенін атап өтті", - делінген Ақорадының ресми сайтында жарияланған ақпаратта.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің әзербайжан халқының игілігі мен дамуы үшін қолға алған барлық жоспарының табысты орындалуына тілектестік білдіргені айтылған.
"Өз кезегінде Әзербайжан президенті құттықтағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, бауырлас Қазақстанмен арадағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете беруге ниетті екенін растады", - делінген хабарламада.