Мемлекет басшысы Иран Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Ибрахим Раиси мен ирандықтарды төл мерекесі – Ислам революциясы күнімен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Бүгінде Иран саяси тұғыры берік, экономикасы тұрақты дамыған халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі. Ұлт бірлігі мен ынтымағын ту еткен мемлекетіңіз Сіздің басшылығыңызбен алдағы уақытта да игі мақсат-мұраттарға жете беруіне тілектеспін. Иран – біздің Каспий аймағындағы маңызды серіктесіміздің бірі. Осыған орай дәстүрлі достық пен мазмұнды саяси диалогқа негізделген ықпалдастығымыз өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымызды нығайтуға берік арқау бола беретініне кәміл сенемін", – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисидің жауапты қызметіне толағай табыс, ал достас Иран халқына құт-береке тіледі.