Тоқаев елімізде су ресурстары бойынша техникалық мамандардың тапшылығына назар аударды
Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс", – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурстары, ирригация салалары бойынша техникалық мамандардың тапшылығына назар аударды.
Осыған қатысты Үкіметке шұғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды.