Мемлекет басшысы QazSwimAcademy спорт орталығының жұмысымен танысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы заманауи QazSwimAcademy спорт орталығына барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Орталық директорының айтуынша, бірегей кешенде спортшыларды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі бес бассейнде жаттыға алады. Оның бірі 50 метрлік болса, екеуі 25 метрлік және екеуі 10 метрлік жүзу жолақтары бар бассейндер. Топтық жаттығулар 25 бағыт бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар мұнда кәсіби жаттығу залы да бар.
Академияны жоғары технологиялық үлгіде жабдықтауға баса назар аударылған. Бассейндерге судың құрамы мен реагенттердің мөлшеріне автоматты түрде талдау жүргізетін әрі тиімді залалсыздандыру мен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін испандық қондырғы қойылған. Бұдан бөлек, нысан жүзуге қажетті машықтарды шыңдап, бұлшықеттерді ширататын арнаулы жаттығу құралдарымен жабдықталған.
Президент жас спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән беретінін айтты.