Цифрландыру – тұрмыстық мәселелерді жеңілдетуге бағытталған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен оларды шешу» атты Жолдауы еліміздің дамуының жаңа кезеңін айқындады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы:
«Мен үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдырудың стратегиялық міндетін қойдым», – деп атап өтті.
Бұл бастама тек жаһандық сын-қатерлерге жауап қана емес, сонымен қатар Қазақстанның бәсекеге қабілетті, ашық әрі инновациялық мемлекет болу жолындағы ұлттық басымдығын көрсетеді.
Басты бастамалар – нақты қадамдар
Президент жолдауында айтылған бастамалар – цифрлық мемлекетті қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын бағыттар:
- Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде басқарылатын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру.
Бұл қадам цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару мен экономиканың барлық саласына жүйелі енгізуді қамтамасыз етеді.
- Цифрлық кодексті қабылдау.
Ол жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректермен жұмыс істеу секілді бағыттарды нақты реттейтін негізгі құжат болады.
- Алатау цифрлық қаласын іске қосу.
Бұл – Smart City, блокчейн, криптовалюта сервистері сынды инновациялық шешімдер ендірілетін озық орталық. Ол қалалық инфрақұрылымды трансформациялаудың үлгісіне айналады.
Жасанды интеллект – даму мен қауіпсіздік кепілі
Президент атап өткендей, жасанды интеллект адамзаттың өмір салтын түбегейлі өзгертетін технологияға айналып отыр. Бұл тек цифрландыру емес, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру және ұлттық қауіпсіздікті нығайту құралы.
Сондықтан қазіргі Жолдау тек мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл қоғамға үндеу іспетті. Әрбір азамат – кәсіпкер, ғалым, мұғалім немесе студент – цифрлық трансформацияға белсенді қатысуы қажет.
Жасанды интеллект туралы заң – уақыт талабы
Бүгінде жасанды интеллект саласын заңнамалық реттеу өзекті бола түсті.
«Жасанды интеллект туралы» заң әзірленіп, қабылдануы тиіс. Бұл құжат:
- Инновациялар мен азаматтардың құқықтарының арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын ашық ережелерді қалыптастырады;
- ЖИ стартаптарында қолданылатын алгоритмдердің қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді;
- Жеке деректерді қорғау мен пайдаланушы қауіпсіздігін заң жүзінде бекітеді;
- Отандық өнімдердің қолданушы мүддесіне сай жасалуын қамтамасыз етеді.
Ұлттық цифрлық құралдарды дамыту – стратегиялық бағыт
Цифрлық дамудағы маңызды мәселенің бірі – ұлттық тілдік үлгілерді қамтитын отандық жасанды интеллект құралдарын дамыту. Бұл мемлекеттік тілді, ұлттық мәдениет пен менталитетті технологиялық ортада сақтап қалудың және ілгерілетудің кепілі.
Үміт пен сенім
Бүгінгі жолдауда қойылған міндеттер – елімізді жаңа технологиялық дәуірге бастайтын шешуші кезең.
Парламент пен Үкіметтің тиімді жұмысы және азаматтардың белсенді қолдауы арқылы алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруға мүмкіндік бар.
Біз жаңа сын-тегеуріндерге дайынбыз. Цифрландыру – тек технология емес, ел болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт.







