Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылды: көпвекторлы саясаттың жаңа кезеңі

2 560

Фото: АқордаҚазақстан халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және бейбіт саясатты ілгерілету мақсатында Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім еліміздің теңгерімді, көпвекторлы сыртқы саясатының жаңа кезеңін айқындайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

СІМ: шешім ұлттық мүддеге сай

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл шешім тек ұлттық мүддеге сүйене отырып қабылданғанын мәлімдеді.

«Ибраһим келісімдеріне қосылу – Қазақстанның барлық мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған және республиканың бейбіт, сындарлы сыртқы саясатына толық сәйкес келеді», — делінген министрлік мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, ведомство Қазақстанның Таяу Шығыстағы қақтығыстарды БҰҰ қарарлары мен “екі халыққа – екі мемлекет” қағидаты негізінде бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.

АҚШ және халықаралық реакция

Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, келісімге қосылу шешесін талқылады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде бұл шешімді жоғары бағалап:

«Қазақстан – менің екінші президенттік мерзімімде Ибраһим келісіміне қосылған алғашқы мемлекет. Бұл – өзара түсіністік пен ынтымақтың жаһандық көпірін орнатуға бағытталған маңызды қадам», — деп жазды.

Сарапшылар пікірі

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның бұл шешімі оның бейбіт, прагматикалық және тәуелсіз сыртқы саясатының айқын көрінісі.

Али Мұхамбет, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:

«Ибраһим келісімі тек саяси емес, экономикалық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Бұл тұрақтылық пен даму үшін маңызды алғышарттар жасайды».

Нұржан Өмірбек, СІМ жанындағы зерттеу институтының сарапшысы:

«Бұл келісім Қазақстанға ешқандай саяси не әскери міндет жүктемейді. Елдің бейбітсүйгіш және бітімгер ұстанымдарын көрсетуге мүмкіндік береді».

Халықаралық баспасөз бағасы

The Washington Post газеті Қазақстанның шешімін «жан-жақты ойластырылған және прагматикалық қадам» деп сипаттап, бұл әрекетті елдің тәуелсіз және теңгерімді сыртқы саясатының дәлелі ретінде бағалады.

Мақалада Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы Вашингтонмен диалогты күшейтіп, Мәскеу мен Бейжіңге елдің дербес саяси бағытын көрсеткені атап өтілген.

Ибраһим келісімдері (Авраам келісімдері) – Израиль мен бірқатар араб мемлекеттері (БАӘ, Бахрейн, Марокко) арасындағы дипломатиялық және экономикалық қатынастарды қалыпқа келтіруге бағытталған халықаралық бастама. Келісім 2020 жылы АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асқан.