Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Токио қаласындағы Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Президенттің Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы Жапония Императорының сарайына барып, жоғары мәртебелі қабылдауға ие болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Император Нарухитоға ризашылығын білдіріп, Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әрдайым үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ Президент екі елді өзара құрметке және түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Өз кезегінде Император Нарухито Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі оқиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.
Тараптар өзара ынтымақтастық мәселелерімен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде пікір алмасты.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен және Премьер-министр Санаэ Такаичимен келіссөздер жүргізеді. Кездесулер нәтижесінде Токиода жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.







