Президент тапсырмасы бойынша прогрессивті агроэкономикаға көшу басталды
Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет атынан прогрессивті агроэкономика моделін енгізуде. Негізгі басымдық – цифрландыру, жасанды интеллект және өнімді терең өңдеу.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру нақты жоспарлауды талап етеді, сондықтан қазір Агроэкономиканы дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр.
Құжат ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап оны терең өңдеуге, сақтауға, логистикаға және экспортқа шығуға дейінгі толыққанды қосылған құн тізбегін құруға бағытталған. Негізгі басымдықтарға өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кластерлер мен агрохабтар қалыптастыру, сондай-ақ өндіріс пен өткізу нарықтары арасындағы байланыстарды нығайту жатады.
Сыртқы нарықтардағы жетістіктерге ерекше назар аударылады: 2024-2025 маркетингтік жылы астық экспортының көлемі 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жақсы нәтиже. Жеткізу географиясы үнемі кеңейіп келеді: Иран, Әзербайжан және Қырғызстанға жөнелтілімдер жаңартылды, Мысыр, Марокко және Вьетнам нарықтары ашылды. Қазір Бельгия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания және Португалия нарықтарына шығу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық нығайтылуда.







