2027 жылға қарай электр энергиясына ішкі қажеттілік толық жабылады

2 600

Фото: ҮкіметҚазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет электр энергетикасының жүйелі дамуын қамтамасыз етіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2027 жылы ел электр энергиясына деген ішкі қажеттілікті толығымен жабады, ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке қол жеткізеді.

"Министрлік қазірдің өзінде 2027 жылға қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік беретін бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспарланып отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта көмір генерациясын дамыту жобасы әзірленіп жатыр, басымдық таза көмір технологияларына берілуде. Жоспарда Курчатов қаласында жаңа станса мен Екібастұзда МАЭС-3 құрылысын салу қарастырылған. Сонымен қатар қолданыстағы инфрақұрылымдар ретке келтірілуде. Сондай-ақ 2026 жылы 2,6 мың МВт-тан астам жаңа қуат іске қосылады деп күтілуде. Барлық жұмыс бір мақсатқа, еліміздің бүкіл энергожүйесінің сенімділігін, тиімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.", - деп атап өтті ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.


2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы белгіленген қуат 26,7 ГВт-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 ГВт-қа өсті.




Жүзеге асырудың соңғы сатысында Қызылорда облысындағы 240 МВт-тық, Түркістан облысындағы 1 мың МВт-тық бу-газ қондырғылары (БГҚ) құрылысының жобалары, сондай-ақ Алматы қаласындағы жалпы қуаты 1101 МВт болатын ЖЭО-ны газға ауыстыру бойынша жобалар тұр. Алдағы үш жылда жаңа қуат көздерін енгізу негізінен реттеу қуатының тапшылығын жабуға бағытталатын болады.

Маневрлік генерацияны іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық шеңберінде Түркістан, Қызылорда облыстарында, Ұлытау облысында және Алматы қаласында жиынтық қуаты шамамен 1,8 ГВт болатын бу-газ қондырғыларының 4 жобасы жүзеге асырылуда.

2028 жылы 3,9 ГВт, ал 2029 жылы шамамен 5,7 ГВт іске қосылады деп күтілуде. Бұл экспорттық әлеуеттің өсуіне жағдай жасай отырып, электр энергиясының ғана емес, реттеу қуатының да профицитін қамтамасыз етеді.

Саланы дамыту үшін маңызды фактор «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңартылған бағдарламасы болды, оның шеңберінде инвестицияларды қайтарудың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 25 инвестициялық келісім жасалды.