"Мақсат – халықтың табысын ұлғайту": Тоқаев бағаның өсуін тежеуді тапсырды

1 503

Фото: akorda.kzПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инфляция деңгейі әлі де жоғары екенін айтып, Үкімет пен Ұлттық банкке бағаның өсуін тежеу үшін бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары бюджет пен салық жүйесі толық қайта қаралған. Алайда қабылданған шаралардың нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайына қарап бағалануы керек.

"Біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляция – күн сайын азаматтарымыздың әл-ауқатын әлсірететін үнсіз жау. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары. Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет", – деді Тоқаев.

Президент Үкіметке бюджет пен салық саясатын мұқият жүргізу қажеттігін де ескертті. Сонымен қатар ол отандық өндірісті дамытуға және кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы қаржы жүйесінің қазіргі жағдайына да тоқталды.  

"Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс. Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асты. Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге жетті. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді", – деді президент.

Тоқаев ендігі міндет банктер мен қаржы жүйесінде жинақталған қаражатты елдегі өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға пайдалану екенін айтты.

Осыған байланысты президент Ұлттық банк тек баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканы дамытуға бағытталған бастамаларға да атсалысуы қажет екенін атап өтті.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.