Қазақстанның мемлекеттік төс белгі қатарына Қожа Ахмет Ясауи ордені қосылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи ордені беріле бастайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жоспарлануда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл жоғары марапат отандық және шетелдік белгілі ғалымдарға беріледі.
"Ата заңда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұл тарихи жәдігері мол Түркістан халқы үшін маңызды жаңашылдық деп ойлаймын", – деді президент.
"Біз, елімізде тұрып жатқан біртұтас қазақ халқы, жаңа Ата заңды бағдар етіп ұстап, жұдырықтай жұмылып, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайта беруіміз керек. Осы сәтті пайдаланып, тағы бір маңызды мәселені көтерейін деп отырмын. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысының бірінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи туралы айттым. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі адамзатқа ортақ ғұлама, оны бәріміз ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдауымыз керек", – деді ол.
Президент Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әр түкпірінде, әсіресе ірі мемлекеттерде кеңінен дәріптеу қажеттігін, бірақ ең алдымен Қазақстан жұртшылығына танымал ету керектігін айтқан.
"Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындылар мен фильмдер арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқулар ұйымдастырылуы қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуға тиіс", – деді президент.







