Елімізде дрондармен жеткізу қызметі пайда болады

2 504

Фото:© Жасанды интеллект көмегімен жасалдыҚазақстанда алдағы жылдары жүргізушісіз көліктер мен дрон арқылы жеткізу қызметі іске қосылады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі El.kz сайтына сілтеме жасап.

31-ші наурызда өткен Үкімет отырысында Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі ұшқышсыз технологияларды дамыту бағытында жаңа жобаларды таныстырды. Министрдің айтуынша, жүргізушісіз автокөліктердің пилоттық жобасын халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен іске қосу жоспарланып отыр. 

"Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен жүргізушісіз автокөліктердің пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2026 жылдың екінші тоқсаны," – деді Жаслан Мәдиев.

Елде дрон-курьерлерді енгізу бойынша да пилоттық жоба басталған. Бұл бастама жеке сектордың қатысуымен жүзеге асырылып, қалалық логистика мен мобильділіктің жаңа үлгілерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда ұшқышсыз аэротакси енгізу жоспарлары бар екенін хабарлаған. Мұндай құрылғылар сағатына 300 шақырымнан асатын жылдамдықпен ұшып, Алматы әуежайынан Медеуге небәрі 10-12 минутта жеткен. Қазақстан бұл бағытта америкалық Joby компаниясының аэротаксилерін сатып алуды қарастырып отыр. Бастапқы кезеңде қытайлық өндірушілермен әріптестік орнату жоспарланған, ал болашақта техниканы ел ішінде өндіру мүмкіндігі де қарастырылуда.

Қазақстанның ашық әуе кеңістігі мен салыстырмалы түрде төмен құрылыс тығыздығы жаңа жүйені енгізуге басты артықшылық береді. Аэротаксилер жолаушылармен қатар жүк тасымалына да пайдаланылуы мүмкін, ал ұшу және қону кестесі мен нормативтік база осы жылдың өзінде бекітіледі. Пилоттық жобаларды алдағы 2-3 жылда іске қосу жоспарланып отыр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың хабарлауынша, елде жүргізушісіз автокөліктерге арналған инфрақұрылым дайындалып жатыр. e-Joldar жүйесі аясында жолдардың цифрлық паспорттары жасалуда, бұл автономды көліктерді енгізуге мүмкіндік береді. Министр жолдар ұзақ мерзімді жоспармен салынатынын және олардың жобасында жүргізушісіз көліктерге арналған талаптар қазірден бастап ескерілетінін атап өтті. Болжам бойынша, 2036-2040 жылдары жүк тасымалының негізгі бөлігі электрлі және жүргізушісіз автопоездерге көшеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында пилоттық жобалар жоспарланып отыр. Шекаралық өткізу бекеттерінде жүргізушісіз жүк көліктерін пайдалану тасымал жылдамдығын арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жүргізушісіз жүк көліктерін енгізу бойынша ірі жобалар 2027 жылдан бастап іске қосылуы мүмкін. Жүргізушісіз такси мен аэротакси қызметтеріне қатысты заңнамалық база әзірленіп жатыр.