Базардағы бағаға бақылау күшейеді

2 504

Фото: ©gov.kz16-ші сәуір күні ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан қаласында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының базар иелері және сауда нысандары әкімшіліктерінің қатысуымен кеңес өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі сауда қағидаларын жетілдіру аясында заңнамада бөлшек саудамен айналысатындар мен көтерме жеткізушілер нақты ажыратылды. Бұл сатып алу-сату үдерісін жүйелеп, қосылған құн қалыптастырмайтын, бірақ бағаға әсер ететін өнімсіз делдалдардың үлесін шектеуге мүмкіндік берді. Комитет төрағасы Ернұр Жәутікбаев базар иелеріне заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Негізгі талаптардың бірі – қызметті ақпараттық жүйелер арқылы жүргізу. Бұл жүйеде сатушылармен жасалған келісімшарттар, жалдау ақысы және сауда шарттары толық тіркелуі тиіс. Ашық есептің болмауы көлеңкелі айналымға және бейресми есеп айырысуларға жол ашады. Осыған байланысты бақылау шаралары ең алдымен цифрлық жүйені қолданбайтын субъектілерге бағытталған.

Еліміз бойынша, әсіресе көтерме сауда сегментінде, кешенді бақылау жұмыстары басталды. Оған мемлекеттік кірістер, ішкі істер органдары, антимонополиялық қызмет және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Үйлестіруді Сауда министрлігі жүргізеді. Салықтық әкімшілендіру күшейтіліп, сауда нысандарына хронометраж жүргізу арқылы нақты айналым мен есеп көрсеткіштері салыстырылады. Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталса, оларды жою туралы ұйғарым беріледі. Ақпараттық жүйелерді қолданбағандарға айыппұл салынып, қажет болған жағдайда іс сотқа дейін жеткізіледі. Өңірлерде облыс әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік ететін арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Олар тауар жеткізу тізбектерін талдап, артық делдалдарды анықтап, оларды қысқарту бойынша шешім қабылдайды. Алайда кей өңірлерде бұл жұмыс жеткілікті деңгейде тиімді жүргізілмей отырғаны айтылды. Жыл басынан бері 316 комиссия отырысы өтіп, нәтижесінде сауда тізбектерінен 76 делдал буын алынып тасталды. Сауда комитеті әкімдіктерге бұл жұмыстың тиімділігін арттырып, ашық әрі әділ сауда жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Аталған шаралар көлеңкелі экономиканы азайтуға, адал бәсекелестікті дамытуға және халық үшін бағаның әділ болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жұмыс сапары барысында Ернұр Жәутікбаев Түркістан облысындағы тұрақтандыру қорларын, әлеуметтік дүкендерді және бірқатар базарларды аралады. Осындай кездесулер алдағы уақытта барлық өңірде жалғасып, жергілікті жағдай жеке қаралатын болады.

«Базар – бұл жасырын схемаларға орын емес. Әрбір қатысушы заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Кез келген сауда қызметі ашық әрі цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Ақпараттық жүйелерден тыс жұмыс істеу – жасырын экономика мен баға бұрмалаушылықтарының тікелей тәуекелі. Егер нарық қатысушылары белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуге дайын болмаса, мемлекет барлық заңды тетіктерді дәйекті түрде қолданады», – деп атап өтті Сауда комитетінің төрағасы.