Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығын күшейтуді талап етті

2 503

Фото: АқордаПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жыл басынан бері атқарған қызметінің қорытындысы, әскери қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстары жөніндегі баяндаманы тыңдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Дәурен Қосанов Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралар, ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы мәлімет берген.

Сондай-ақ әскери басқару органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етуге және әскерлердің жауынгерлік әлеуетін күшейту үшін "Батыл тойтарыс – 2026" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік барысын баяндаған.

Министр Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметкерлердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесіне халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілгенін жеткізген.

Әскерге шақыру науқаны, әскери қызметкерлердің мәртебесін көтеру бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде есеп берілген.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, атап айтқанда, 21-27 маусым аралығында Бурабайда "Айбын – 2026" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге дайындық мәселелеріне назар аударылған.

Мемлекет басшысы Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге, армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға үшін бірқатар тапсырма берген.