Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты министр қызметінен алып тастады
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды», - деп хабарлайды Ақорда.
Естеріңізге сала кетейік, Нағаспаев бұл лауазымға биыл қайта тағайындалған.
Жалпы ақпарат, білімі
Өнеркәсіп министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сай, Нағаспаев 1980 жылы 28 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келді.
«Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді (2001).
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жаңа жобалар жөніндегі басқарушы директоры лауазымын атқарған.
Мансабы
Оның еңбек жолы Теміртау қаласы әкімі аппаратының жетекші маманынан (2001-2002) басталды, ҚР Сыртқы істер министрлігінің атташесі, Инвестициялар комитетінің атташесі (2002-2003), Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы (2003-2006) қызметін атқарған.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы, директордың орынбасары (2006-2007), «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК басшысының орынбасары, аппарат басшысы (2007-2009), ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Әкімшілік жұмыс, Мемлекеттік жұмыс, Мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары (2009) болған. ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі (04.11.2009), Қарағанды қаласы Қазабек би атындағы аудан әкімінің орынбасары (12.2009-12.2010), Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі (12.2010-01.2011), Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі (01.2011-01.2013) лауазымдарын атқарған. Астана қаласы әкімінің орынбасары (01.2013-11.2014), «Астана» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы (12.2014-2016), «Новострой Астана» ЖШС директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары (2016-2020), «ҚТЖ» ҰК» АҚ қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры (04.2021-01.2022) болып жұмыс істеген.
Қаз
Рус






