Бүгін Тоқаев коронавирусқа байланысты жиын өткізеді

343
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде жиын өткізеді. 

"Бүгін түстен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөнінде жиын өткізеді. Іс-шара барысында COVID-19 індетіне шалдыққан азаматтардың көбеюіне байланысты еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған кешенді шаралар, сондай-ақ, халыққа вакцина салу мәселесі қарастырылады. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, аймақ әкімдері қатысады", - деп жазды Берік Уәли. 

ДСМ дерегінше, қазір елімізде 25 156 адам короновирустан емделуде, олардың ішінде 8 590 пациент стационарда, 16 566 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 

348 науқастың жағдайы ауыр, 83 пациенттің жағдайы өте ауыр деп бағалануда. 52 науқас өкпені жасанды желдтеу аппаратына қосылған.

Сонымен бірге бүгін "қызыл" аймаққа Алматы облысының да өткені белгілі болды. Қазір "қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы және Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, облыстары тұр.
 
Ал "сары" аймақта Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы, қалған барлық өңірлер "жасыл" аймақта.