Референдумнан кейін уәдесін орындамаған депутат мандатынан айырылады

255

Алдағы 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумнан кейін халыққа уәде беріп, депутат болғандар тікелей елдің алдында жауапқа тартылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Нұрсұлтан Құрманның Youtube арнасына берген сұхбатында Айбек Паяев айтты.

Депутат болар алдында халыққа су тартамын, жол жөндеймін деген уәделер бересіз. Сол бағдарламалар орындалмаса, халық сізден талап ете алады. Айналайын, қайда берген уәдең? Нақты нәтиже неге жоқ? Егер орындалмаса, өкілеттілік тоқтатылады,— дейді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі туралы айтқан еді. Бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық негізде қалыптасады. Депутат осыған қатысты да ойын айтты.

Қызық жағдай болғалы тұр. Көзқарасым өте дұрыс. Керек десеңіз, одан да көп болсын.Өйткені бәсеке бар жерде даму бар. Халық сайлағаннан кейін елдің алдында жауап береді. Партиялық тізіммен өтсе, басшыларына жалтақтайды,— дейді Айбек Паяев.