Қазақстанда онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заң күшіне енді

1 551

Елімізде онлайн-платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейтін заң күшіне енді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


10 шілде күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы заңға қол қойған болатын.


Аталмыш заң бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланғаннан соң 60 күннен кейін, яғни 2023 жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енетіні хабарланды.


Желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы қылмыстық жауапкершілік пен әкімшілік жауапкершілік енгізіліп жатыр.


Заңға сәйкес, әлеуметтік желілердің интерфейстеріне мемлекеттік тілді енгізу қажет. Блогерлер контентті қазақ тіліне автоматты түрде аудару мүмкіндігін жасауы тиіс.


Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында қазақ тіліндегі контентті модерациялау керек.


“Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, суицидті, порнографияны, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді және прекурсорларды, сепаратизм идеяларын, алаяқтықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын ақпаратты үндеу, насихаттау немесе үгіттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттілігіне және аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын ақпарат және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған өзге де ақпарат құқыққа қайшы контент саналады", – делінген заңда.


Заң шеңберінен тыс ақпараттар орналастырылған контенттің жұмысын шектеу немесе тоқтату "Байланыс туралы" ҚР Заңының 41-1-бабына сәйкес жүргізіледі.


Сондай-ақ онлайн-платформалардың иелері жалған ақпарат пен салық төлеуден жалтарумен күресте мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндетті болады.


Онлайн-платформаның меншік иесі я болмаса заңды өкілі уәкілетті органның нұсқамасын алғаннан кейін 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөнінде шаралар қолдануға міндетті.


Интернеттегі жарнамаға қойылатын талаптарға келетін болсақ, оларға сәйкестендіру және таңбалану талабы қойылады.


“Онлайн-жарнама уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен таңбаланады. Онлайн-жарнаманы орналастыру және тарату "Жарнама туралы" ҚР Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Онлайн-платформа пайдаланушыларды мәтіндік және графикалық, болмаса өзге де белгілердің көмегімен мақсатты онлайн-жарнаманы сәйкестендіруі тиіс", – делінген заң мәтінінде.


Таргеттелген онлайн-жарнамада оның жарнама екенін көрсететін арнайы белгілері көрсетілуі қажет.


Жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нәсілдік немесе ұлттық тиістілік, саяси көзқарастар, биометриялық немесе дербес деректер, пайдаланушының денсаулық жағдайы туралы ақпарат негізінде профайлинг жасауға тыйым салынады.


Сондай-ақ Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізілді. Ол онлайн-платформалар арқылы жалған ақпаратты тарату үшін жауапкершілікті көздейді. Мәселен, 20 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылады (69 000 теңге). Егер бір жыл ішінде адам жалған ақпарат тарату фактісіне қайта жол берсе, онда ол 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынынады немесе 40 АЕК (138 000 теңге) айыппұл төлеуі тиіс.