Бизнеске қойылатын талаптар түсінікті әрі айқын болуы керек - Әлихан Смайылов

429

Фото: Ақорда прессҮкімет бизнеске артық әкімшілік жүктемені азайту және неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау шараларын енгізіп жатыр. Бұл мәселе Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап. 


Үкімет бизнеске артық әкімшілік жүктемені азайту және кәсіпкерлік қызметті жүргізуге неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау үшін «Атамекен» ҰКП-мен тығыз әрекеттестікте «Таза парақтан бастап» реттеу шараларын енгізіп жатыр. Осы ретте реттеуші актілердің барлығы қайта қаралмақ. Кеңеске қатысушылар жер қатынастары, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау, құбыржол көлігі қызметі, қаттау және тау-кен өнеркәсібі салаларында талдау жүргізу барысын талқылады. Премьер-Министр мемлекеттік органдардың осы жұмысты жүргізу кезінде үйлестіруді күшейтуі қажеттігін атап өтіп, тиісті жоспар-кестеге талдау жүргізілмеген салаларды енгізуді тапсырды. 

«Бұл – Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі реформаларының және Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бизнеске қойылатын талаптар түсінікті әрі айқын болуы керек. Бизнес тыныш жұмыс істеуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар, кеңеске қатысушылар мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру барысын қарастырды. Мәселен, қазіргі уақытта ЦДИАӨМ салалық ақпарат жүйелерінің бар-жоғын тексеріп, 57 қызмет түріне талдау жасап, мемлекеттік бақылау салаларын реинжинирингтен өткізу бойынша ұйымдастыру-рәсімдік іс-шаралар кестесін әзірлеуге кірісті. Үкімет басшысы автоматтандырудың арқасында тексерушілер тек елеулі заң бұзушылықтарға жол беретін кәсіпкерлік субъектілеріне ғана тексеріспен баруы қажет екенін айтты. «Бизнеске қойылатын негізсіз, қажетсіз, өзекті емес талаптарды қысқарту өте маңызды. Біз қазір жаңа жағдайда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бизнесті тексеруге мораторий күшін жойған кезде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі әділ және объективті болуы керек», - деді Әлихан Смайылов.


Премьер-Министр егер бақылау автоматтандырылмаса, қандай да бір тиімділік туралы сөз қозғау орынсыз екенін атап өтті. 


«Осы мақсатқа қол жеткізу мемлекеттік органдарға – әрбір сектор бойынша әрбір министрге, әрбір вице-министрге тікелей байланысты. Қоғам өзгерісті сезінуі үшін бұл жұмысты адал атқару керек. Әйтпесе, мен кадр мәселесін қайта қарайтын боламын», - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.