Президент өкілеттігі мен Астана атауы туралы Парламент заң қабылдады
Парламент депутаттары президент өкілеттігін 7 жыл етіп бекіту және Астана атауын өзгерту мәселесін қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Парламент палаталарының бүгінгі отырысында Әділет министрі Қанат Мусин «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
«Елорда атауын өзгерту мәселесін азаматтар ұзақ уақыт бойы кеңінен талқылауда. Ол кездесулер барысында және референдум кезінде азаматтардың үндеулерінде көтерілді. Сондықтан қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді. Елорданың атын өзгерту бойынша бастаманы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы ұсынды. Осылайша, заң жоба аясында көзделген конституциялық новеллалар Мемлекет басшысының саяси бастамалары мен депутаттардың ұсыныстарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл саяси жүйенің мүлдем жаңа стандарттарын белгілейді», - деді Әділет министрі.
Сондай-ақ, министр президент өкілеттігін 7 жылға бекіту ұсынысы түскенін айтып, аталған норма билікті монополиялап алуға мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді.
Депутат Қазыбек Иса мінберде сөз алып, Тоқаев бір реттік президенттік сайлауды ұсынып, демократиялық қадам жасап отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, бұл – демократиялық алға басудың қадамы.
«Сайлау екі мерзім болған жағдайда жаңа президенттен қайта сайлануға мүмкіндігі көп болатыны белгілі. Сондықтан Тоқаевтың бір мерзімді бекіту тек қолдауға лайық. Алғашқы либералдық қадам», - деді Қазыбек Иса.
Ал мәжілісмен Жанарбек Әшімжан аталмыш өзгерісті әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құқықтық норма деп атады.
«Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, Ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді», - деді ол.