Тоқаев шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Еске сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында президент шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынатынын мәлімдеген еді.
"Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет", - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол кезде мемлекет басшысы президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керектігін айтқан еді.
Кейін президент шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мәжіліске жолдағанын, парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеген болатын.