ҚЫЗЫЛОРДАДА БҰРАЛҚЫ ИТТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІМІН ТАБАДЫ?

2 516

Фото: Opennews.kz коллажы

 Қызылордада бұралқы иттер мәселесі жылдан-жылға көтеріліп, әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр. Бұл - тұрғындардың үнемі айтып жүрген, бірақ жауапты құрылымдар тарапынан толық жауап ала алмай келе жатқан тақырыптардың бірі. Осы орайда бөлінген бюджет қаражаты нақты мақсатқа, тиімді жұмсалып жатыр ма деген сұрақ та көпшілікті толғандырады.

 Жаңа оқу жылы қарсаңында қала мен облыс тұрғындарының, әсіресе ата-аналардың арасында алаңдаушылық артып отыр. Биыл облыс бойынша шамамен 18 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Осындай кезде көше беттерінде топ-тобымен жүрген бұралқы иттер балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңды сұрақ туғызуда. Мұндай жағдайда жауапты мекемелер алдын ала шара қолданбай, тек аяқ асты бір келеңсіздік болғаннан кейін ғана әрекетке көшпеуі керек.

 Тұрғындардың өтініш-шағымдары да аз емес. Жақында Тасбөгет кентінде ондаған иттің тобымен жүргенін көрсететін бейне әлеуметтік желіде көпшілік назарын аударды. Сондай-ақ, тұрғындардың айтуынша, Қонаев көшесіндегі №24 көпқабатты үйдің жертөлесін бұралқы иттер паналап алған, бұл да сол үй тұрғындарының тыныштығына бөгет болып отыр деген хабарлар бар. Бұл ақпараттардың растығы мен ауқымын тиісті мекеменің өзі растап, нақтылауы қажет.

 Мәселенің шын мәнісін білу үшін біз Қызылорда облыстық ветеринария басқармасына хабарласуға тырыстық. Өкінішке қарай, ресми сайтта көрсетілген байланыс нөмірлеріне де, БАҚ өкілдерімен байланысқа жауапты маманның нөміріне де жауап ала алмадық. WhatsApp арқылы жіберілген хабарлама оқылғанымен, жауапсыз қалды. Мұндай жағдай, әрине, мекеменің халыққа және БАҚ-қа деген ашықтығы жайлы орынды сұрақ тудырады: әлеуметтік желідегі «жұмыс жүргізілуде» деген жалпы сипаттағы жауаптардың артында нақты не жатыр?

 Осыған байланысты біз басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаевқа және жауапты мамандарға ресми БАҚ сұрауын жолдадық. Жауапты, заң аясында, нақты әрі дәлелді түрде беруін талап етеміз. Атап айтқанда, мына сұрақтарға жауап күтеміз:

 Тасбөгет кентінде әлеуметтік желіде тараған бейнеге қатысты нақты қандай шаралар қолданылды? Ол жердегі иттердің тағдыры қалай шешілді?

 Қонаев көшесіндегі №24 үйдің жертөлесіне қатысты неліктен шара кешеуілдеп жатыр? Мәселе қазір қандай сатыда?

 2025–2026 жылдар аралығында бұралқы иттерді аулауға қанша қаражат бөлінді және ол қалай, қандай нәтижемен жұмсалды?

 Жыл басынан бері қанша ит ауланды, қаншасы зарарсыздандырылды немесе вакцинацияланды?

 2026 жылдың осы кезеңіне дейін облыс бойынша бұралқы иттерге қатысты тұрғындардан қанша ресми өтініш тіркелді?

 Жеткілікті бюджеті мен материалдық-техникалық базасы бар ветеринария басқармасы бұл мәселені неге түбегейлі шеше алмай отыр? Нақты іс-қимыл үшін қандай да бір ауыр оқиға болуы шарт емес қой.

 Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы - кез келген мекеменің жұмысындағы басты басымдық болуға тиіс. Сондықтан біз басқарма тарапынан жалпылама емес, нақты деректерге негізделген, заң талаптарына сай ашық жауап күтеміз. Жауап алынған жағдайда оқырмандарды хабардар етіп отырамыз.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.