Актер Мұқан Шәкір өмірден өтті
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Белгілі актер Мұқан Шәкір 81 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қаралы хабарды Асқар Тоқпан атындағы театр жазды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Қазақ өнерінің абыз ақсақалы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Мұқан Шәкірдің дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.
Мұқан Шәкіров – қазақ театр және кино актері, саналы ғұмырын сахна өнеріне арнаған өнер қайраткері. Ол Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Талдықорған театрында және Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрында еңбек еткен. Мұқан Шәкіров Отырар ауданының Балтакөл ауылында дүниеге келген. Кейін отбасымен бірге Шымкентке көшіп, қаладағы қазақ мектебін тәмамдаған. Бала күнінде әскери қызметкер, кейін заңгер болуды армандаған. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжат тапсырғанымен, денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмаған.
Еңбек жолын наубайханада қамыр илеуші болып бастап, кейін фосфор зауытында жұмыс істеген. Бір күні облыстық театрдың жанынан өтіп бара жатып, жұмысшылар қабылдау туралы хабарландыруды көреді. Осылайша театрға сахна декорацияларын құрастырушы болып орналасады. Кейін режиссерлер оның актерлік қабілетін байқап, шағын рөлдерге қатыстыра бастайды. 1967 жылы белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың кеңесімен консерваторияның театр бөліміне оқуға түседі. Алғашқы екі жылында Асқар Тоқпановтан, кейін Шолпан Жандарбековадан тәлім алады. Студент кезінде Қазақ радиосында диктор болып жұмыс істеген.
Оқуын аяқтаған соң Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, кейін Талдықорған театрында еңбек еткен. 1981 жылы Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрына ауысып, шығармашылық жолын осы өнер ордасында жалғастырған.
Мұқан Шәкіров театр сахнасында жүзге жуық рөл сомдаған. Оның ең танымал образдарының бірі – Сафуан Шаймерденовтің «Марғау үні» қойылымындағы Марғау рөлі. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаев пен Шәмші Қалдаяқовтың бейнелерін сахнада сомдаған. Актер кино саласында да еңбек етіп, елуге жуық фильмді қазақ тіліне дыбыстауға қатысқан. «Сағыныш», «Табын», «Көшпенділер» және «Алдаркөсе» фильмдеріне түскен. Мұқан Шәкіров қазақ театр өнерінің дамуына үлес қосып, сахнада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған актерлердің бірі.
Қаз
Рус






