ҚЫЗЫЛОРДАДА АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРҒА ЖОСПАРЛАНҒАН АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
ҚЫЗЫЛОРДАДА АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРҒА ЖОСПАРЛАНҒАН АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен кездесіп, өңірдің алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ауқымды жобаларды талқылады.
Кездесу барысында облыс пен аудандардың даму жоспарлары, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, елді мекендердің тұрмыс сапасын арттыру мәселелері қаралды. Әкімдер алдағы кезеңге жоспарланған жобалар бойынша атқарылатын жұмыстар мен қаржыландыруға ұсынылған бастамалар жөнінде баяндады.
Алдағы жылдары аймақта газдандыру, сумен және электрмен жабдықтау жүйелерін дамыту, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, абаттандыру, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын дамыту бағыттарында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылмақ.
Қызылорда қаласында жалпы құны 114,4 млрд теңге болатын 104 жаңа жоба әзірленді. Қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған жобалардың негізгі бөлігі тұрғын үй, жол және көпір құрылысы, сумен және кәріз жүйесімен қамту, газдандыру, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстарын қамтиды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғыртуға да басымдық берілмек.
Бұл жобалар қаланың тұрғындар санының өсуіне байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, жаңа
тұрғын аудандарды қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік және тұрғын үй нысандарының қатар дамуы қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Арал ауданында жалпы құны 194,3 млрд теңге болатын 8 жобаны іске асыру жоспарланған. Ірі жобалар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге, жол бойындағы сервистік қызметті жетілдіруге, құрылыс материалдарын өндіруге, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларын дамытуға бағытталады.
Аталған жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, өндірістік бағыттарды кеңейтуге және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға негіз болады. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарының ашылуы жергілікті жерде еңбекпен қамту мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Қазалы ауданында 48,4 млрд теңгенің 52 жобасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Жобалар білім беру саласын
дамыту, газ және жылумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру, кәріз инфрақұрылымын жаңғырту, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, электр желілерін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдауға арналған.
Бұдан бөлек, жалпы құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 5 жоба әзірлену сатысында. Бұл бастамалар ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.
Қармақшы ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жалпы құны 22 млрд теңге болатын 16 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалар ауыз сумен қамтамасыз ету, электр және газ желілерін жаңғырту, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, әлеуметтік нысандар тұрғызу бағыттарын қамтиды.
Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау және мал шаруашылығын дамытуға қатысты жобалар да жоспарланған. Бұл бастамалар ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Жалағаш ауданында жалпы құны 16 млрд 531 млн теңге болатын 33 жоба межеленіп отыр. Негізгі бағыттарға газдандыру, электрмен жабдықтау, автомобиль жолдарын дамыту, ауыз сумен қамту, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары кіреді.
Аудандағы жобаларды жүзеге асыру елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік нысандардың жағдайын көтеруге және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға
бағытталған.
Сырдария ауданы 26,5 млрд теңгенің 32 жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінімдер ұсынған. Алдағы жылдардағы негізгі жұмыс бағыттары білім беру нысандарын дамыту, газдандыру, электрмен жабдықтау, автомобиль жолдарын жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және елді мекендерді абаттандыруды қамтиды.
Аталған жобалар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Шиелі ауданында 42 млрд 898 млн теңгеге бағаланған 98 жоба бойынша бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Жобалар білім беру саласын дамыту, газдандыру, электрмен жабдықтау, жол және ауыз су инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағыттарын қамтиды.
Жобалардың көп болуы ауданның инфрақұрылымдық қажеттіліктерін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған жұмыстардың ауқымын көрсетеді. Әсіресе елді мекендерді инженерлік желілермен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және жол сапасын арттыру мәселелеріне назар аударылмақ.
Жаңақорған ауданында жалпы құны 607,8 млрд теңге болатын 8 ірі инвестициялық жоба көзделген. Аудан бойынша жоспарланған жобалардың қатарында жеміс-көкөніс сақтау және өңдеу кешені, күн электр станциясы, цемент зауыты, тауарлы сүт фермасы, Шалқия кен-байыту фабрикасы және полиметалл кен орындарын игеру жобалары бар.
Бұл жобалар өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және тау-кен өндірісі бағыттарын қамтиды. Ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру ауданның өндірістік әлеуетін кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар мен өндірістік бағыттардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында облыс әкімі жоспарланған жобалардың сапалы әзірленуіне, олардың нақты қажеттілікке негізделуіне және белгіленген мерзімде жүзеге асырылуына баса мән берді. Әсіресе халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін инженерлік инфрақұрылым, ауыз су, газ, электр энергиясы, жол және әлеуметтік нысандарға қатысты жобалардың маңыздылығы атап өтілді.
Жалпы, Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша ұсынылған жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын қамтиды. Оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, өндірістік және инвестициялық әлеуетті арттыруға, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамытуға, елді мекендердің абаттандырылуын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге жаңа өндірістер мен инвестициялық жобалардың іске қосылуы өңірде жұмыс орындарын ашуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Алдағы кезеңде әр аудан бойынша жоспарланған жобалардың орындалу барысы, қаржыландыру мәселесі және нақты нәтижелері бақылауда болады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






