2,3 трлн теңге: Қашаған операторы сотта тағы жеңілді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қашаған мұнай кен орнының операторы – NCOC консорциумы 2,3 трлн теңге (шамамен 5 миллиард доллар) экологиялық айыппұлға қатысты кезекті сотта жеңіліп қалды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2026 жылғы 23 қыркүйекте шешім шығарған.
Сот NCOC компаниясының талабын толығымен кері қайтарды. Компания мемлекеттік сот орындаушысының шілде айындағы қаулыларын заңсыз деп тануды өтінген.
Бұл қаулылар бойынша атқарушылық іс жүргізу қозғалып, оператордың жылжымайтын мүлкі мен көлік құралдары бұғатталған еді. Сондай-ақ электронды нотариат жүйесінде шектеу қойылған болатын. Алайда компанияның банктегі шоттарына шектеу салынған жоқ.
Бұл ірі даудың тарихы 2023 жылы басталған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашағанда белгіленген мөлшерден тым көп күкірт сақталғанын анықтап, операторға 2,3 трлн теңге айыппұл салды.
Қазақстан үкіметі 2026 жылғы 21 шілдеде өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізуді ресми түрде қозғап, консорциум басшысына әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту жасады.
Кейіннен NCOC сот орындаушысының әрекеттеріне қарсы сотқа арыз түсірді. Осыған байланысты Әділет министрлігі 7 қыркүйекте өндіріп алу процесін уақытша тоқтата тұрған.
Енді Атырау сотының шешімінен кейін іс қайта жанданып, Әділет министрлігі қаражатты өндіріп алу жұмыстарын жалғастырады.
Бас тартылған сот шешіміне қатысты NCOC тарапы 10 жұмыс күні ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.
Каспий қайраңындағы ең ірі мұнай кен орындарының бірін игеріп отырған Shell, Eni, TotalEnergies және ExxonMobil сияқты халықаралық компаниялар бұл айыппен келіспейді.
Қазіргі уақытта NCOC бұл экологиялық айыппұлды Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық (ICSID) пен БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (UNCITRAL) арқылы халықаралық арбитражда даулап жатыр. Қазақстанның Әділет министрлігі бұл халықаралық сот процестеріне белсене қатысып жатқанын растады.
Қаз
Рус






