АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ГАРНИЗОНЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРДІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ГАРНИЗОНЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРДІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдер мен нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық базасымен және инфрақұрылымдық жағдайымен танысты.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы әскери бөлімдердегі қызметтік нысандарды, жеке құрамға арналған ғимараттарды және әскери техникалардың орналасу орындарын аралап көрді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қызмет атқаруына қажетті жағдай жасау, нысандардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.
Алдымен облыс әкімі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің 66597 әскери бөліміне барды. Бүгінде аталған әскери бөлімде 526 әскери қызметші, оның ішінде 42 мерзімді әскери қызметші және 17 азаматтық қызметкер бар. Бөлімнің материалдық-техникалық базасында 107 техника пайдаланылуда.
Мұнда аймақ басшысына әскери бөлімнің негізгі қызмет бағыттары, жеке құрамның күнделікті қызметі, әскери техникалардың жай-күйі және бөлім аумағындағы инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы таныстырылды.
Әскери қызметтің тиімді ұйымдастырылуы үшін қажетті жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты әскери бөлімдердегі ғимараттардың жай-күйін жақсарту, қызметтік және тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз ету, нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарына ерекше мән берілуде.
Келесі кезекте облыс әкімі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты 99215 әскери бөлімінің жұмысымен танысты.
Аталған әскери бөлімнің инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде.
Бұл мақсатқа 2024 жылы 278,8 млн теңге, өткен жылы 369,8 млн теңге бөлінген. Ал биыл инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарға 151 млн теңге қарастырылған.
Әскери бөлім аумағында 6 ғимарат бар. Мұнда 90 әскери қызметші және 10 азаматтық қызметкер еңбек етеді.
Аймақ басшысы бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуына, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына және нысандарды күтіп ұстау мәселесіне назар аударды.
Бұдан кейін Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне барды.
Құрылымдық бөлімшелерін қоса есептегенде, департаменттің қарамағында 118 ғимарат бар. Жеке құрамында 700-ден астам әскери қызметші және 90-нан аса азаматтық қызметкер еңбек етеді. Департаментте мерзімді әскери қызметшілер жоқ.
Кездесу барысында шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін атқаруына қолайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту және инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Қызылорда облысы еліміздің шекаралық аймақтарының бірі болғандықтан, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдардың қызметі ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді.
Аймақ басшысы сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөліміндегі жағдаймен танысты.
Аталған әскери бөлімнің жеке құрамы 540 әскери қызметші мен 3 азаматтық қызметкерден құралған. Бөлімге қарасты әскери атыс алаңының жалпы аумағы 70 гектарды құрайды. Оның аумағында 5 ғимарат орналасқан.
Атыс алаңында 3 әскери қызметші және 4 мерзімді әскери қызметші жұмыс істейді. Мұнда әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы мен жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар әскери нысандардың қауіпсіздік талаптарына сай болуы, ғимараттар мен инфрақұрылымның жағдайы тұрақты бақылауда болуы қажеттігін айтты.
Мұрат Ергешбаев әскери бөлімдердегі қызмет атқарып жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, ел тыныштығы мен
қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбектерінің маңыздылығына тоқталды.
Жалпы, Қызылорда гарнизоны құрамындағы әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайту және инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Әскери қызметшілер үшін қолайлы жағдай жасау, олардың кәсіби даярлығын арттыру және әскери нысандардың талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету – өңірдегі маңызды бағыттардың бірі.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына әскери бөлімдердің қажеттіліктерін зерделеп, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдердің тұрақты әрі сапалы қызмет атқаруы – өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






