Сотталғандардың санасына сенім ұялатқан қызметкер
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету – жауапкершілікті, төзімділік пен табандылықты талап ететін күрделі мамандық. Бұл салада әрбір қызметкердің міндеті тек тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмейді. Сондай-ақ сотталғандардың түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету де маңызды міндеттердің бірі. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Бауыржан Сәметов туралы Оpennews.kz ақпарат агенттігінен оқыңыздар.
Бүгінде ол Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекеменің тәрбие бөлімін басқарады.
Қызметтік жолын осы мекемеде жасақ бастығы болып бастаған Бауыржан Тұрғанбайұлы он жылдан астам уақытын сотталғандармен тәрбие жұмысына арнап, мол тәжірибе жинақтады. Жасақ бастығының қызметі сырт көзге күнделікті бақылау мен тәртіпті қадағалаудан тұратындай көрінуі мүмкін.
Алайда оның жауапкершілігі әлдеқайда ауқымды. Қызметкер өзіне бекітілген сотталғандардың мінез-құлқын, психологиялық ерекшеліктерін, өмірлік жағдайлары мен көзқарастарын зерделеп, олармен жүйелі түрде тәрбие және профилактикалық жұмыстар жүргізуі тиіс. Мұның түпкі мақсаты – жазасын өтеушілердің заң талаптарын түсінуіне,
жасаған әрекеттеріне ой жүгіртуіне және бостандыққа шыққан соң қоғамға бейімделуіне көмектесу.
Бауыржан Сәметовтің пайымынша, әр адамның өмір жолы мен тағдыры әртүрлі болғандықтан, тәрбие жұмысында жеке көзқарас пен түсіністік қажет.
Әрине, жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Бес саусақ бірдей емес, сотталғандардың мінезі мен өмірлік жағдайлары да әртүрлі. Сол себепті олардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізуге мән береміз. Жасаған ісіне өкініп, өмірін өзгерткісі келетін азаматтар аз емес. Біздің міндетіміз – заң талаптарын түсіндіріп, тәрбиелік жұмыстар арқылы олардың дұрыс жолға түсуіне ықпал ету. Бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға, қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік бар екенін ұғындыруға тырысамыз, – дейді Бауыржан Тұрғанбайұлы.
Қызмет барысында оның жадында сақталған тағылымды сәттер де аз емес. Әсіресе, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан азаматтардың арада бірнеше жыл өткен соң қайта келіп, ризашылық білдіруі – атқарған жұмысының нәтижесін сезінетін ерекше сәттердің бірі.
Он жылдан астам уақыт бойы атқарған адал еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Бауыржан Сәметов қызметтік міндеттерін абыроймен орындап, басшылық тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталған. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген кейіпкер жұбайымен бірге бір баланы тәрбиелеп отыр. Отбасының қолдауы мен түсіністігі оның қызметтегі сенімді тірегіне айналған. Жақындары мамандығының ерекшелігі мен жауапкершілігін жақсы түсініп, әрдайым қолдау білдіреді.
Антына адалдықты өмірлік қағидасына айналдырған Бауыржан Сәметов үшін қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызмет – жай ғана еңбек жолы емес. Бұл – адам тағдырына бейжай қарамай, сотталғандардың түзелуіне, өмірге жаңа көзқараспен қарауына және қоғамға қайта оралуына өз үлесін қосуға бағытталған жауапты қызмет.
Қаз
Рус






