Сотталғандардың санасына сенім ұялатқан қызметкер

1 508

Фото: polisia.kzҚылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету – жауапкершілікті, төзімділік пен табандылықты талап ететін күрделі мамандық. Бұл салада әрбір қызметкердің міндеті тек тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмейді. Сондай-ақ сотталғандардың түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету де маңызды міндеттердің бірі. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Бауыржан Сәметов туралы Оpennews.kz ақпарат агенттігінен оқыңыздар. 

Бүгінде ол Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекеменің тәрбие бөлімін басқарады. 

Қызметтік жолын осы мекемеде жасақ бастығы болып бастаған Бауыржан Тұрғанбайұлы он жылдан астам уақытын сотталғандармен тәрбие жұмысына арнап, мол тәжірибе жинақтады. Жасақ бастығының қызметі сырт көзге күнделікті бақылау мен тәртіпті қадағалаудан тұратындай көрінуі мүмкін. 

Алайда оның жауапкершілігі әлдеқайда ауқымды. Қызметкер өзіне бекітілген сотталғандардың мінез-құлқын, психологиялық ерекшеліктерін, өмірлік жағдайлары мен көзқарастарын зерделеп, олармен жүйелі түрде тәрбие және профилактикалық жұмыстар жүргізуі тиіс. Мұның түпкі мақсаты – жазасын өтеушілердің заң талаптарын түсінуіне,Фото: polisia.kz жасаған әрекеттеріне ой жүгіртуіне және бостандыққа шыққан соң қоғамға бейімделуіне көмектесу. 

Бауыржан Сәметовтің пайымынша, әр адамның өмір жолы мен тағдыры әртүрлі болғандықтан, тәрбие жұмысында жеке көзқарас пен түсіністік қажет.  

Бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Сондықтан қызметіме бар ынта-жігерімді салуға тырысамын. 
Әрине, жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Бес саусақ бірдей емес, сотталғандардың мінезі мен өмірлік жағдайлары да әртүрлі. Сол себепті олардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізуге мән береміз. Жасаған ісіне өкініп, өмірін өзгерткісі келетін азаматтар аз емес. Біздің міндетіміз – заң талаптарын түсіндіріп, тәрбиелік жұмыстар арқылы олардың дұрыс жолға түсуіне ықпал ету. Бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға, қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік бар екенін ұғындыруға тырысамыз, – дейді Бауыржан Тұрғанбайұлы. 

Қызмет барысында оның жадында сақталған тағылымды сәттер де аз емес. Әсіресе, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан азаматтардың арада бірнеше жыл өткен соң қайта келіп, ризашылық білдіруі – атқарған жұмысының нәтижесін сезінетін ерекше сәттердің бірі. 

Кейбір азаматтар мекемеден босап шыққаннан кейін арада бірнеше жыл өтсе де, бізді танып, арнайы келіп амандасып жатады. "Болашаққа деген сенімімізді ояттыңыздар, өмірге қайта бейімделуімізге көмектестіңіздер" деп алғыстарын білдіреді. Отбасын құрып, тұрақты өмірге қадам басқанын естігенде, еңбегіңнің нәтижесін көргендей боласың. Осындай сәттер мамандығыңа деген құрметті арттырып, алдағы жұмысыңа жігер береді, – дейді ол.

 Фото: polisia.kzОн жылдан астам уақыт бойы атқарған адал еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Бауыржан Сәметов қызметтік міндеттерін абыроймен орындап, басшылық тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталған. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген кейіпкер жұбайымен бірге бір баланы тәрбиелеп отыр. Отбасының қолдауы мен түсіністігі оның қызметтегі сенімді тірегіне айналған. Жақындары мамандығының ерекшелігі мен жауапкершілігін жақсы түсініп, әрдайым қолдау білдіреді.

Менің өмірлік ұстанымым – адалдық, жауапкершілік және білімділік. Қай салада болмасын, әр адам өз антына адал болып, міндетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Сонымен қатар қызметімді түсініп, қолдау білдіретін отбасыма да уақыт бөлуге тырысамын. Өйткені қызметтегі жетістіктің артында жақындарыңның сенімі мен қолдауы тұрады, – дейді ол. 

Антына адалдықты өмірлік қағидасына айналдырған Бауыржан Сәметов үшін қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызмет – жай ғана еңбек жолы емес. Бұл – адам тағдырына бейжай қарамай, сотталғандардың түзелуіне, өмірге жаңа көзқараспен қарауына және қоғамға қайта оралуына өз үлесін қосуға бағытталған жауапты қызмет.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.