Әскерге сау кетіп, ауру болып оралды: Өскеменде сарбаз жындыханаға түсті
Шығыс Қазақстанда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген тағы бір сарбаз психикалық ауытқумен медициналық мекемеге жеткізілген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» порталына сілтеме жасап.
Жарты жыл бұрын Қостанайдан әскерге сау күйінде аттанған жас жігіт бүгінде сөйлеуден қалған.
Туыстарының айтуынша, сарбаз Станислав Партоленконың қазіргі жағдайы өте ауыр. Ұлымен кездесу үшін Өскеменге арнайы барған әкесі баласының сөйлей алмайтынын және қолына қаламсап ұстауға да шамасы келмейтінін жеткізген.
Белгілі болғандай, Өскемен гарнизонында қызмет еткен жауынгер 19 қараша күні шұғыл түрде жергілікті психикалық денсаулық орталығына жатқызылған. Әскери бөлім өкілдері мұны сарбаздың «психоэмоционалдық жағдайының күрт нашарлауымен» түсіндіріп отыр. Ал дәрігерлер жас жігіттің дерті дендеп кеткенін және емдеу процесі ұзаққа созылатынын жасырмайды.
Қорғаныс министрлігі не дейді?
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі сарбазға қатысты әлімжеттік немесе қысым көрсету деректері болмағанын мәлімдеді. Ведомствоның ақпаратынша, қазіргі уақытта жауынгер тексеруден өту үшін елордаға жөнелтілген.
Қазіргі таңда сарбаздың мұндай күйге қалай түскені белгісіз күйінде қалып отыр.
Қаз
Рус






