Қазақстанда кейбір ипотека мен автокредитті рәсімдеу кезінде қарыз жүктемесі ескерілмейді

1 500

Фото: FreepikҚазақстанда кейбір ипотекалық және автокредит түрлеріне қойылатын борыш жүктемесі коэффициенті бойынша жеңілдік мерзімі ұзартылды. Енді тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін қарыздар бойынша бұл талап 2029 жылдың соңына дейін, ал автокредиттердің жекелеген түрлері бойынша 2027 жылдың соңына дейін міндетті болмайды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Қандай ипотеканы қарыз жүктемесін есептемей алуға болады?

Ұлттық Банк 2026 жылғы 6 қарашада кейбір ипотекалық және автокредиттерге қатысты борыш жүктемесі коэффициенті талабынан босату мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Ипотека бойынша жеңілдік тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында берілетін қарыздарға қолданылады. Бұл жүйемен берілетін ипотекаларға қойылатын талап 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін сақталады.

Алайда бұл барлық ипотекалық бағдарламаға қатысты емес. Коммерциялық банктердің өзге ипотекалық өнімдері бойынша борыш жүктемесіне қойылатын жалпы талап қолданыла береді.

Қандай автокредиттерге жеңілдік беріледі?

Борыш жүктемесі коэффициенті талабынан босату мерзімі автокредиттердің үш санаты бойынша 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Олар:

Жаңа автокөлік: бұрын пайдаланылмаған, Қазақстанда алғаш рет тіркелетін және несие бойынша кепілге қойылатын көлік;

Қолданыста болған көлік: бастапқы жарнасы оның құнының кемінде 50%-ын құрайтын және банкке кепілге берілетін автокөлік;

Үш жылға дейін пайдаланылған көлік: бастапқы жарнасы көлік құнының кемінде 30%-ы болуы керек. Автокөлік несие бойынша кепілге қойылады.

Демек, жеңілдік кез келген көлікті несиеге сатып алуға берілмейді. Автокөліктің жасы, бастапқы жарна мөлшері және оның кепілге қойылуы маңызды.

Борыш жүктемесі коэффициенті деген не?

Борыш жүктемесі коэффициенті адамның ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие төлеуге жұмсалатынын көрсетеді. Қолданыстағы жалпы талап бойынша қарыз алушының барлық несиеге төлейтін ай сайынғы сомасы табысының 50%-ынан аспауы керек.

Мысалы, азаматтың айлық табысы 400 мың теңге делік. Оның қолданыстағы несиелеріне ай сайын 120 мың теңге төлейді. Егер жаңа несие бойынша төлемі 100 мың теңге болса, жалпы міндеттемесі 220 мың теңгеге жетеді. Бұл табысының 55%-ы. Әдеттегі талап бойынша мұндай жағдайда БЖК шегінен асып кетеді.

Ал жоғарыда аталған жеңілдікке кіретін қарыздар бойынша бұл шектеуді міндетті түрде сақтау талап етілмейді.

Дегенмен бұл банктер қарыз алушының төлем қабілетін тексермейді деген сөз емес. Қаржы ұйымы адамның табысын, несие тарихын, қолданыстағы міндеттемелерін және басқа да тәуекелдерді бағалайды. Сондықтан жеңілдікке жататын бағдарлама бойынша өтініш берген азаматқа несие автоматты түрде мақұлданбайды.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.