ОЛИМПИАДАҒА ЖОЛДАМА АЛҒАН СПОРТШЫҒА АВТОКӨЛІК СЫЙҒА БЕРІЛДІ
Облыс әкімдігінде Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру жайы талқыланған, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеуге арналған облыстық ассамблеяның XXVІ сессиясы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оған Қызылорда облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, ассамблея құрылымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар қатысып, қала және аудан әкімдері онлайн қосылды.
Аймақ басшысы өз баяндамасында Қазақстан халқы ассамблеясы XXХІІІ сессиясының тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы айтты.
Облыс әкімі алдағы жылы Ұлы Жеңістің 80, Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы атап өтілетінін айтып, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Мұнан бөлек, биыл Сыр өңірінде алғашқылардың бірі болып құрылған корей этномәдени бірлестігінің 35 жылдығы аталып өтпек. Мерейтой қарсаңында Оңтүстік Корея елінің қолдауымен қайта жаңғыртудан өткен корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның мемориалдық кешеніндегі музей ресми түрде ашылады.
Аймақ басшысы өз сөзінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетуге атсалысқан азаматтарға, оның ішінде белсенді әрі үйлесімді жұмыс жасаған ассамблея өкілдеріне алғыс білдірді.
Сессияда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері атқарылған жұмыстарын баяндап, ұсыныс-пікір білдірді. Бірқатар ассамблея өкіліне Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолтаңбасы бар, Қазақстан халқы ассамблеясына мүшелікті растайтын куәлік табысталды. Сондай-ақ, өңірдегі этносаралық саясат пен қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара соңында аймақ басшысы грек-рим күресінен Париж олимпиадасына жолдама алған Айдос Сұлтанғалиді жеңіс жолындағы жетістігімен құттықтады.
Еске салсақ, үш дүркін Азия чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали жуырда Бішкек қаласында өткен лицензиялық турнирде ел мерейін үстем етті. Спортшыға облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Бақдәулет Махашовтың қолдауымен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жерлестерінің атынан автокөлік кілтін табыстады.