Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен қабылдауға жазылған азаматтар аймақ басшысына өздерінің өтініш-тілектерін, ұсыныс-пікірлерін жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен әлеуметтік мәселелерді – жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, денсаулық сақтау мен балабақшаға қол жеткізу сияқты сұрақтарды көтерді. Әкім әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, олардың ешбірі назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Айтуынша, әрбір өтініш заң аясында толық зерттеліп, жауапты сала мамандарымен жан-жақты қаралады.
Кейбір мәселелер сол жерде жедел шешіліп, жауапты мамандар тарапынан нақты түсіндірмелер берілді. Ал күрделі және уақытты қажет ететін өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданатыны және заң шеңберінде көмек көрсетілетіні айтылды.
Мысалы, қабылдауға келген «Ягодка» саяжайы тұрғындарының бірі – жалғызбасты ана саяжай аумағынан алған жер теліміне баспана салуға көмек сұрады. Ол іргетасын құйып беруді өтінді. Облыс әкімі бұл мәселені назарға алып, демеушілер есебінен баспананың толық құрылысын жүргізуге қолдау көрсетуді жауапты тұлғаларға тапсырды.
Тағы бір қала тұрғыны уақытша баспанамен қамтамасыз ету және немерелерін тегін балабақшаға орналастыру мәселесін көтерді. Әкімдік өкілдері оған тұрғын үй мен жер телімі заң аясында, белгіленген кезекке сәйкес берілетінін және алдымен арнайы үй кезегіне тіркелу қажеттігін түсіндірді.
Айта кету керек, облыс әкімі мен оның орынбасарлары, сондай-ақ жауапты сала басшыларының қабылдауына жазылу бірнеше жолмен жүзеге асады. Азаматтар egov.kz электронды үкімет порталы, e-otinish бірыңғай базасы арқылы немесе облыстық/қалалық әкімдікке тікелей келіп, жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазыла алады.
Мұндай қабылдаулар – жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалог орнатудың тиімді құралы. Әрбір тұрғынның дауысы естіліп, мәселесіне бей-жай қаралмайтыны – билік жұмысының басты ұстанымы.







