Әйел өз баласын жылу батареясына байлап, аяусыз соққыға жыққан

5 019

Фото: Видеодан скринӘлеуметтік желіде әйелдің кішкентай баланы жылу батареясына байлап, қатты соққыға жыққаны бейнеленген бейнежазба тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Жетісу облысы Жаркент қаласында болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл жайтты Instagram желісінде журналист Жанар Нұртазина жариялады. Видеода әйелдің баланы батареяға байлап, ұрып-соғып жатқанын анық көруге болады.

«Баланы батареяға байлап, бар күшімен ұратындай не істеді сонша? Бұл видеоны жылап жатқан баланың әкесі түсіріп жіберген. Ал баланы соққыға жығып жатқан — өз анасы. Егер бала тәрбиелеуге психикаларың көтермесе, неге дүниеге әкелесіңдер? Екі ересек адамның жауапсыздығынан неге бейкүнә сәби жапа шегуі керек? Қазірдің өзінде видеоны тиісті органдарға жолдадым. Бұл іске жай ғана ескертумен шектелмей, нақты шара қолданылса екен», — деп жазды желі қолданушысы.

Сонымен қатар ол Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға да үндеу жасаған.

«Динара Закиева ханым, осы отбасының жағдайын тексеріп, балаларды бақылауға алуыңызды сұраймын. Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат ұсынуға дайынмын», — деп жазды ол.

Полиция тексеріс жүргізіп, 28 жастағы әйелдің балаға дене жарақатын салғанын анықтаған. Осылайша іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел бөлімшеге жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ал екі бала мән-жай анықталғанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды.

Енді қамқоршылық және қорғаншылық органына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы ұсыныс жолданбақ.