ОБЛЫСТА ЖАСТАР АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
327
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай облыс көлемінде ауқымды шаралар өткізілмек. Бүгінде аймақ бойынша атаулы датаға орай жастар апталығы жарияланды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгіннен бастап қала мен барлық аудандарда халықаралық жастар күніне орай өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Апта бойы ұйымдастырылатын мерекелік шаралар әр күні әртүрлі атаумен өткізілетін болады. Атап айтсақ, 5 тамыз – «Жастар апталығының» ашылу күні, 6 тамыз – «Экомәдениетті дамыту күні», 7 тамыз – «Таланттар күні», 8 тамыз – «Еңбек күні», 9 тамыз – «Балаларға қуаныш сыйлау күні», 10 тамыз – «OPEN AIR», 11 тамыз – «Спорт күні», 12 тамыз – «Мүмкіндіктер және инновациялық идеялар күні» болып белгіленді. Бұл атаулы күндердің барлығы жастардың рухани азық алуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған. Бұдан бөлек, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Кинотаим», «ЖазғыFEST», «Бір толқында», «TabooArt», «Мінбер» сынды мәдени-көпшілік іс шаралар өткізіледі. Барлық сырбойылық жастарды мерекелік шаралардың белсенді қатысушы болуға шақырамыз",- деді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Мақсат Дауылбай.
"Халықаралық жастар күні қарсаңында «Жастар рухы» Жастар қанаты жүзеге асырып келе жатқан «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бастау алды. Мұнда жастардың қатысуымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жалғыз басты қарттарымызға көмек көрсетіледі. Одан бөлек, біздің Жастар қанатының «Кеңес орталығы» жобасы 7-10 тамыз аралығында облыс көлемінде жүргізіледі. Былтыр осы орталықта алты мыңға жуық жас кеңес алған болатын. Сондай-ақ осы жылы «Бір толқында» деп аталатын жаңа жоба тұсауын кеседі. Онда жас депутаттар мен жастар арасында еркін форматтағы кездесуі ұйымдастырылады", - деді «Жастар рухы» жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Әсем Бекнұрқызы.
"Қала көлемінде Халықаралық жастар күніне орай өткізілетін негізгі іс шаралар тізбесі жинақталды. Соның бірі – 10-12 тамыз аралығындағы күндер «Ауыл жастары» күні деп белгіледік. Яғни, қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, биылдан бастап қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы кәсіптік маман иелеріне 10 түрлі бағыт бойынша табысталатын болады. Мұнан өзге мерекелік шаралар толастамайды. Барлық қызылордалық жастарды мерекелерімен құттықтаймын!",- деді «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров.
Сонымен қатар, биылдан бастап қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы кәсіптік маман иелеріне 10 түрлі бағыт бойынша табысталатын болады. Мұнан өзге мерекелік шаралар толастамайды. Барлық қызылордалық жастарды мерекелерімен құттықтаймын!",- деді «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров.