ҚЫЗЫЛОРДАДА СЫРТЫ БҮТІН ІШІ ТҮТІН ҮЙЛЕР КӨБЕЙДІ

5 333

Қызылордада  сырты бүтін іші түтін болған үйдің тұрғындары "шыбын жанын шүберекке түйіп" отыр, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Өткен жылы қаламызда бір емес бірнеше көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, сырты сыр білдірмеген үйлердің бүгінгі жәй-күйі қандай?

Жергілікті билік қала орталығында орналасқан көпқабатты үйлердің сырт келбетін  келістіріп әлек. Әттеген-ай бәрі біз көргендей сұлу да сымбатты болса қанекей... Көз көрген бірнеше үйдің сырт келбеті сымбатты болғанымен жертөлесі суға толып, сасыған иіс танауыңызды тесіп, өкпеңізді өпіп жіберері хақ. Ал тұрғындар тыныстап,  шарасыз күн кешіп келеді. 

Аймақ басшысының бастамасымен кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, жөнделіп жатыр дегенді естігенде көңіліміз бір жадырады. Демек, елін ойлайтын азаматтардың бар екендігі қуаныш ұялатқаны жасырын емес. Алайда, қуанышы ұзаққа бармаған тұрғындар көз көрер беті аяқталғанымен ішкі беті өзгеріссіз қалды деп налиды.  Ал жергілікті билік халықтың жай-күйін қайдан білсін? Бұл қаламыздағы Мұратбаев көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлер. Көше беті көмкерілгенімен ішкі беті жөндеу көрмегелі қашан? Тіпті жертөлені су басып, баспалдақтары опырылып жатқан жайы бар. Ол аздық еткендей кейбір үйлер тіпті модернизациядан өткен. 


Бүгінде өжірелер суға толып, жертөлені және подъездің ішін маса қаптаған. Тұрғындар тарапынан шағым білдірушілерде бар. Алайда құлақ асар билік жоқтың қасы дейді тұрғындар. 

Жөн-ақ, ірі қалаларда жертөлені үйсіз-күйсіз жүрген жандар паналап жатыр деген сыбысты жиі естиміз. Ал біздің өңірде бұл таңсық әңгіме. Себебі біздің тұрғын үйлердің өжіресін жәндіктер ғана паналайтын іспетті. Жасыратыны жоқ көпқабатты тұрғын үйге қатысты мәселе қордаланып тұр. Жазы-қысы өздері тұрып жатқан пәтерге қатысты түйткілдерді тізбектеп айтатын халықтың қарасы азаяр емес. 

«Өжіре ғана емес, одан шыққан күлімсі иіс үйдің ішін алып кетті. Әсіресе, жаз мезгілінде сасық иістен тұншығамыз. Терезені ашып қойсақ, даладан иіс кіреді.  Ал жауып қойсақ,  тынысымыз тарылып, демалу мүмкін емес. Тіпті не істерімізді білмейміз.», – деді көпқабатты үй тұрғыны Тоты.


Көзбояушылықты жаны сүйетін біздің билік, тұрғындарға қолайлы, жайлы орта қалыптастырудан неге қашады?