Үш ауысымда білім алатын оқушылар мектептің дәлізіне сыймай қалды
Елордадағы мектептердің бірінде оқушылар дәлізге сыймай, көмек шақырды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бейнежазбада жүздеген баланың мектеп дәлізінде тұрғаны түсірілген. Алайда балалар бір-бірін итере бастаған. Әрі кадрдан үлкендердің оқушыларға бір нәрсені түсіндіріп жатқанын көруге болады.
Желіде тараған екінші бейнежазбада балалардың бірі "Көмектесіңдер!" деп айқайлаған.
Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметінде видеоның №71 мектеп-лицейінде түсірілгенін мәлімдеді. Анықталғандай, мектеп үш ауысымда жұмыс істейді екен.
"Үшінші ауысымда оқитын оқушылар алтыншы сабақтан кейін бір уақытта дәлізге шыққан, бірақ кезекші олардың сырт киімін беріп үлгермеген. Мәселені шешу үшін сырт киімдерге арналған киім ілгіштер әр қабатқа орналастырылды. Осылайша гардероб мәселесі 2023 жылдың 5 қыркүйегінде шешіледі", – деді баспасөз хатшысы Маржан Бақыт.
Ведомство өкілі білім беру орындарының санын арттыру бойынша қалада жүйелі жұмыстар жүріп жатқанын да атап өтті.
"Бұл оқу жылында 11 мектеп ашылады, оның 4-і жұмыс істеп тұр. Қалада "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында 2024-2025 жылдары 90 мың орындық 24 мектеп ашылады. Оның 15-і "Есіл" мен "Нұра" аудандарында салынады", – деп түйіндеді басқарма өкілі.